Облыста су тасқынынан зардап шеккен және қыс мезгілінде қашықтан оқыған оқушылар үшін "Жазғы мектеп" басталды. Мұнда 23 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Негізгі мақсат - оқушылардың білімінде жіберілген олқылықтардың орын толтырып, білім деңгейін арттыру.


"Жазғы мектеп" оқушыларға өз уақыттарын тиімді пайдалануға мол мүмкіндік береді. Оқу кестесі оқушыларға ыңғайлы түрде ұйымдастырылған. Аталған форматтың ерекшелігі - білім алушылардың оқу жетістіктері бағаланбайды және үй тапсырмасы да берілмейді.


ДУМАН ЗАКИРИН, СҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ:

- Биылғы оқу жылына Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясымен бірге жазғы мектепті ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленген болатын. Бұл ұсынымдардың басты мақсаты оқу процесінің сапасын көтеру және көктемгі су тасқыны кезіндегі өңірлерде сабақ тоқтатылуына байланысты туындаған олқылықтарды жою мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сабақтар негізгі пәндер бойынша өткізіліп отырады. Оқушылар сабақ уақытындағы түсінбей қалған тақырыптар бойынша ғана білім алады.


Жазғы мектеп Петропавлдағы № 26 мектеп-балабақшада да өтіп жатыр. Білім ордасында жалпы 800-ге жуық оқушы бар болса, соның 191-і білім алуды жалғастырған. Айта кету керек, мұнда балалар өз еркімен және ата - аналарының келісімі бойынша қабылданады.


ГҮЛМИРА ҚАНАШЕВНА, ДИРЕКТОРДЫҢ ОҚУ-ТӘРБИЕ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

- Мектепте 1-8 сынып аралығындағы сыныптар мен 10 сынып оқушылары қатысуда. Бастауыш сыныптарда сабақ уақыты 30 минут ал жоғарғы сыныптарда 40 минутқа дейін созылады. Ата-аналар ақпаратты жақсы қабылдады және ата аналардың өтініштерімен оқушыларды жазғы мектепке қабылдап жатырмыз. Мұғалімдерге ешқандай кедергісін тигізіп жатқан жоқ.


Оқушылар бір апта бойы уақыттарын тиімді өткізіп, пайдалы жұмыстармен айналысады.


ДӘРИЯ РАМАЗАНОВА, ОҚУШЫ:

-  Мен 26 шы мектеп-балабақшасында 7 - сыныпта оқимын. Мен жазғы мектепке барамын,жазғы мектеп маған қатты ұнайды.Өйткені,әртүрлі қызықты тапсырмалар орындаймыз. Мен жазғы мектепте олимпиадаларға және жобаларға дайындаламын.


Облыс бойынша 422 «Жазғы мектепте» 23 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Бұл жұмысқа 4500-ге жуық мұғалім жұмылдырылған. Ал, екінші кезеңі тамыз айының 26-сы мен 30-ы аралығында өтпек.


Ерлан Жұмахан