Петропавл тұрғыны Сапура Әлжанова – он саусағынан өнер тамған шебер. Қолөнерші фарфордан панно жасап, ұсақ моншақтардан кесте тігеді. Сондай-ақ, ескі заттарды қайта қалпына келтірумен айналысады.
68 жастағы Сапура Әлжанова- жастайынан шығармашылыққа жақын. Ол «суретші» мамандығын оқып бітірген. Бірақ, кейін «жиһаз» цехінде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан. Сол кезден бастап жанына жақын іспен шұғылданып, бос уақытында қолөнер бұйымдарын жасайды.
САПУРА ӘЛЖАНОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Мен қол қусырып отыра алмаймын. Әрдайым ізденіс үстінде болып, жаңа дүниелер жасаймын. Өзімнің әсем туындаларымның көбін жақын адамдарыма, таныстарыма сыйлаймын. Бұл маған үлкен қуаныш әкеледі.
Сапура Әлжанова тек өз үйін ғана емес, подъездің ішін де түрлі бұйымдармен сәндеп, жарқыратып қойған. Бұл көпқабатты үйге кірген кез-келген адамға аз да болсын қуаныш сыйлайды. Сондай-ақ, қолөнерші православтық достарына арнап сувенирлік Пасха жұмыртқасын жасады.
САПУРА ӘЛЖАНОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Мен қазіргі таңда мына ағаш кесені әрлеп жатырмын. Әлі бұны түрлі-түсті бояумен бояп, сурет саламын.Кейін үстіне лак жағамын. Нәтижесінде, осындай бір-біріне ұқсамайтын ерекше заттар пайда болады.
Қолөнер шебері әлі талай керемет туындыларды дүниеге әкелмек. Алдағы уақытта ұлттық нақыштағы бойтұмарлар мен әшекей-бұйымдарды жасауды да жоспарлап отыр.