Елде ерекше балаларға және олардың ата-аналарына қолдау көрсетіп, баланы қоғамға бейімдеуге, сонымен бірге педагогикалық-психологиялық жәрдем беруге баса мән беріледі. Петропавлдағы «Тренинг центр көмек» орталығы да осы бағытта жұмыс атқарып келеді. Қазір мұнда 80 – ге жуық бала бар. 


5 жасар Сезімнің бұл орталыққа келіп жүргеніне 2 ай болған. Бұған дейін баланың тілі шықпаған. Еш им-ишара жасай алмайтын дейді анасы. Ал, қазір жағдайы қалыпты, сөйлей бастаған.


ЛӘЙЛІМ КҮЗЕНТАЕВА,  СЕЗІМНІҢ АНАСЫ:

- Осы орталыққа келгелі көп пайдасы тиіп жатыр. Мың алғыс айтамын. Бәрін сөйлеп жатыр ақырын-ақырын. Бұрын сөйлемеген. Сол мында келіп жақсы болып жатыр.Бәріне үйреніп, талпыныс жақсы болып жатыр.


Ғалия Баязитова психология саласында 20 жылдан астам қызмет етіп келеді. Әр баламен жұмыс ІСТЕУ мен үшін үлкен ғанибет дейді. Қазір орталыққа 1-2 жастан бастап, 30 жасқа дейінгі 80-ге жуық адам келеді. Орталық мамандары алдымен диагноз қояды, кейіннен соған байланысты түзету бағдарламасын жасайды. Мұнда топтық түзету сабақтары да, жекелей сабақтар да өтеді.


ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА «ТРЕНИНГ ЦЕНТР КӨМЕК» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

-Әрбір баланың дамуына сай бағыт жасап бердік. Әлеуметтік ұстаз, психолог ұстаз, нейропсихолог, дефектолог, логопед, АФК бойынша бағыт бағдар, тютрлық қызмет бойынша осындай бағыттарда балаларды дамытып жатырмыз. Қазіргі таңда 18 ге жуық ұстаздарымыз бар. Әрбір ұстаз өзінің бағытын біледі. Ерекше балалармен жұмыс жасайды.


Орталық 9 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатыр. Алғашында тек бір ғана бөлме болса, қазір әр бағытқа арналған заманауи жабдықтары бар арнайы кабинеттер ашылған. Алдағы уақытта Петропавлда тағы бір орталық ашу жоспарда бар дейді директор Ғалия Баязитова.


ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА «ТРЕНИНГ ЦЕНТР КӨМЕК» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- 2024 жылы осы жылы жазда филиал ашамыз деген ой келді. Сол филиалға байланысты Даму қорынан және халық банкынан несие алып, ол несие бойынша арнайы ғимарат алып, енді қазіргі таңда ол ғимаратта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, құжаттарын реттеп жатырмыз. 


Жалпы, «Тренинг центр көмек» түзету-дамыту орталығы ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларына үлкен көмек көрсетіп отыр. Әр баланың ерекшелігіне қарамастан, қалыпты өмірге бейімдеуге тырысады. Ал орталықтың жаңа филиалы желтоқсан-қаңтар айында қолданысқа берілуі мүмкін.