Петропавлда «Аялы әже» атты облыстық әжелер форумы өтті. Ерекше іс-шара өткен жылы қыркүйекте Түркістан қаласынан басталған болатын. Жер-жерде ұйымдастырылған жиынның кезегі біздің облысымызға келіп жетіп, бүгін 200-ден астам әженің басын қосқан форум өтті.
Түркістанда өткен алғашқы форум эстафетасын көкшетаулықтар алды. Ендігі кезек өңірімізге де келіп жетіп, бүгін жиын облыстық қазақ сазды-драма театрында салтанатты түрде өтті. Форумға оқушылар мен студенттер де қатысты.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Республикалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен былтыр басталған үрдіс. Негізгі мақсаты - қазақ халықының ұлт пен жастар тәрбиесінде ой салып,ұмытылып бара жатқан әдеп-ғұрыптарымызды жаңарту.
Енді солтүстіктегілер эстафетаны қостанайлықтарға жолдайды. Сол себепті іс-шараға Қостанай облысынан да қонақтар келіп отыр.
БАТЫРБЕК АХМЕТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Түркістан облысынан басталып барлық Қазақстанды аралап келе жатыр. Сіздерге келді. Сіздердегн бізге барады. Одан әрі қарай Ақтөье облысына кетеді. Бұл форумның өтуі қазақтың салт-дәстүрін ұлықтау үшін ұйымдастырылып отыр.
Әжелер форумына өңіріміздің барлық ауданынан 200-ден астам ақ жаулықты ана қатысты. Бірі халыққа қолөнер туындыларын паш етсе, енді бірі ұлттық тағамдарымызды ұсынды.
АЙСҰЛУ НҰРБАХТЕНОВА, ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫ
- Біз бүгінгігі «Аялы әже» форумына арайлы Айыртау ауданынан келдік. Өте қуаныштымыз. Әр ауданнан келген әжелермен танысып, білісудеміз. Ұлттық тағамдарымызды алып келдік. Келген жандарға ұсынып жатырмыз.
Форум Ақан сері атындағы облыстық филармония өнерпаздары қатысқан концертпен мәреге жетті.