Петропавлда жалпы пәндер бойынша ауыл балаларының республикалық олимпиадасы өтіп жатыр. Облыстық кезеңге 400-ден астам оқушы қатысқан. Ауыл балаларына қаладағы мәдени орындарға экскурсия да ұйымдастырылды. Олимпиадаға қатысушылар С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Шинель» атты қойылымды тамашалады.


Ауыл балаларының олимпиадасы биыл екінші рет өтіп жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – дарынды балаларға жақсы мүмкіндік. Тимирязев ауданынан білім сайысына қатысуға 30-ға жуық үздік оқушы келген екен.


НАДЕЖДА ГАВРИЩЕВСКАЯ, ТИМИРЯЗЕВ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ:

- 26 баланы алып келдім. Олар екі турдан еш қиындықсыз өтті. Елді мекендерде білімді, дарынды балалар жетерлік. Мұндай сайыстар олардың білімін ұштайды, әрі қарай ізденіске талпындырады.


Құндыз Жұмаділова Ақжар ауданынан келіп отыр. Республикалық олимпиадаға екінші рет қатысуы. Жақсы нәтиже көрсететініне сенімді.


ҚҰНДЫЗ ЖҰМАДІЛОВА, 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ, АҚЖАР АУДАНЫ:

- Былтыр облыстық кезеңге дейін жетіп, үшінші орын алдым. Биыл республикалық деңгейге жеткім келеді. Бұл олимпиаданың бізге берері мол, мүмкіндіктерімізді көрсете аламыз, сондай-ақ грант жеңіп алуға болады.


Оқушылар С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры әзірлеген қойылымды қызыға тамашалады. Жоспар бойынша балалар М.Қозыбаев университетін және Абылайхан резиденциясын араламақ.