Облыс әкмі Ғауез Нұрмұхамбетов БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын өткізді. Іс-шара аясында аймақ басшысы «Солнечный-2» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің құрылыс барысын, гуманитарлық көмекті қабылдау орталығының жұмысын, сондай-ақ Ойқала мен Былғары зауыты кентінде орналасқан жедел штабтардың жұмысын көрсетіп, тасқыннан зардап шеккендердің мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтып берді.
«Солнечный-2» ықшам ауданында қазір су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 200 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қаражат «Қазақстан халқына» және «Қазақмыс» қоғамдық қорларынан бөлінген. Құрылыс жұмыстарына жергілікті өнім қолданылып жатыр. 5 маусым күні алғашқы үйлер тұрғындарға пайдалануға беріле бастайды. Жалпы бұл ықшам ауданда 500 баспана салынбақ.
ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Шатырлар да, қабырғалар да арнайы жылу оқшаулағыш материалдармен қапталады. Үйлердің қабырғалары 300мм газоблоктан тұрады. Іргетасы да сыртынан қапталады. Үйге кіреберіс жерге 10 шаршы метр төсенш қарастырылған. Отын мен көмірге арналған арнайы сарай салынады.
Су тасқыны кезінде облысқа барлығы 1518 тонна гуманитарлық көмек келді. Олардың ішінде құрылыс материалдары, азық-түлік, төсек-орын жабдықтары мен арнайы киімдер бар.
ЕЛЕНА СЕМИДОЦКИХ, ОБЛЫСТЫҚ ҚХА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНБАСАРЫ:
- Петропавл қаласы бойынша бізде 3 гуманитарлық көмек тарату орны жұмыс істеді. Олардың біреуі Прибрежный мен Былғары зауыты кентінің тұрғындары үшін, екіншісі Тепличный мен Заречный, үшіншісі Ойқала мен Косогор тұрғындарына гуманитарлық көмек таратты. Әрбір пунктке зардап шеккен тұрғындардың арасынан белсенділер бекітілді. Олар гуманитарлық көмекті таратумен және тізім жасаумен айналысты.
Бүгінгі таңда 20 тоннаға жуық азық-түлік, 240 тонна цемент, 6 мың шатыр, сондай-ақ тұрмыстық химиялық заттар жиналды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Қазіргі уақытта уақытша пункттерде 1 мың адам тұрып жатыр. Зардап шегушілердің көбі туыстарының үйлерін паналауда. Гуманитарлық көмек бірден тұрғындарға таратылып отырды. Бүлінбейтін су, консервілер, химиялық заттардан резерв құрылды.
Су тасқынының зардабын жою мақсатында Ойқала ықшам ауданына облыстың 4 ауданынан келген 14 мехбригада жұмылдырылған. Арнайы бригада құрамында 98 жұмысшы бар. Соңғы 4 күнде 70 тонна қоқыс шығарылған. Ықшам аудандағы 30-ғА жуық үй әлі де су астында тұр. Мамандар суды сору жұмыстарын жалғастырып жатыр.
МАРАТ ОМАРОВ, ОЙҚАЛА ЫҚШАМ АУДАНЫНДАҒЫ ЖЕДЕЛ ШТАБТЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Ойқала ықшам ауданында 550 үйге жауаптымыз. Оның ішінде 147 баспанаға бағалау жұмыстарын жүргізіп, тиісті акт толтырдық. 47 үйге сметалық есептеу жүргіздік. Тұрғындардың келісіміен 14 үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарына кірістік.
Былғары зауыты кентінде тасқын судан Андрей Андреевтың үйі зардап шеккен. Ол өзінің баспанасын 2014 жылы салған. Қазір қала тұрғынының үйінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар залалды 10 млн. теңгеге бағалады.
АНДРЕЙ АНДРЕЕВ, БЫЛҒАРЫ ЗАУЫТЫ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
- 12 СӘУІР КҮНІ ҮЙІМЕ СУ КІРДІ. Пәтер жалдап тұрдық. 3 апта бұрын үйімізге келдік. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үйге келген су шамамен бір жарым метрге дейін көтерілген.
Былғары зауыты кентіндегі зардапты жоюға ТЖМ-нің 466 қызметкері мен 75 техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта аудандағы су сорылып жатыр. 30 үй әлі де су астында тұр.
МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Былғары зауыты кентінің екінші бөлігі қалды. Негізгі күшті сол жаққа жібердік. Ертең бұл ауданда су астында тұрған үйлер болмайды деп үміттенеміз. Дегенмен су сору жұмыстары жалғасады. Себебі, кейбір аулаларда әлі де су толығымен кеткен жоқ.
Тепличный ауылына сорғылар мен 10 мотопомпа қойылған. Халықтың өтініші бойынша арнайы техника да жұмылдырылады. Ал Заречныйда әлі де 4 үй су астында тұр. Сондай-ақ, облыс әкімі биыл қалалық су арнасының бірінші көтерғіш стансасы жөнделетінін атап өтті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Бірінші көтергіш стансасын жақсылап қалпына келтіреміз. Биылғы жағдай енді қайталанбауы керек. Жөндеу жұмыстарынан кейін ешқандай оқыс оқиға болмауы тиіс.
Петропавлда әлі де резервтік су жинағыш жұмыс істеп тұр. жалғасып жатыр. Мамандандырылған бригадалар станцияны жөндеу үшін жобаға түзетулер енгізбек. Жөндеу жұмыстарын жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.