Жазықсыз атылғандардың бірі – ақын, драмашы, прозашы Ілияс Жансүгіров. Қазақ поэзиясының құлагері атанған дарын иесі артында өшпес туындыларын қалдырды. Қазір Ілияс Жансүгіров шығармалары жастар арасында кеңінен дәріптеліп келеді. С. Мұқанов атындағы облыстық кітапханада қоғам қайраткерінің 130 жылдығына орай әдеби кеш өтті. Жиынға өңірдің зиялы қауым өкілдері, тарихышылар, ақын-жазушылар, педагогтар мен білім алушылар қатысты. Басқосуда Алаш арысының шығармашылығы мен мол мұрасына талдау жасалды.
Жақында Талдықорған қаласындағы тау тұлғаның есімі берілген Жетісу университетінде «Ілияс әлемі» атты республикалық фестиваль өткен болатын. Небір мықтылар жиналған байқауда өңір намысын жергілікті университет студенттері қорғады.Олар екі бас жүлде және екінші орынға ие болды. Солардың бірі – Гүлай Әділханқызы. Бойжеткен Ілияс Жансүгіровтың 20-дан астам туындысын жатқа біледі.
ГҮЛАЙ ҚАЛИХАНОВА, М. ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ СТУДЕНТІ:
- Жарыс өте тартысты, қызықты өтті. Дайындалып бардық. І. Жансүгіровтің қарымды қаламынан туған шығармашылығы жастардың санасын сілкіндіретін, жүректерін дір еткізетін тағылым-тәрбиеге толы. Әрбір жасқа оқуға кеңес беремін.
Әдеби кеш қонақтары Ілияс Жансүгіровтың халқына сіңірген еңбегінің өз уақытында бағаланбай қалғанын айтады. Әсіресе Алаш арыстарымен бірге ел тәуелсіздігі үшін күрес жолындағы жанкештілігі өскелең ұрпаққа терең насихатталуы керек деген пікірде.
ТІЛЕК ӘБДІРАХМАНОВ, ОБЛЫСТЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ:
- Өзіміздің тілде ғана емес, басқа тілге де аударып өз шығармаларын халықтың көкейіне жеткізді. «Жыр Құлагері» деп атаймыз. Өте зерек, абыройлы болған. Бұл ксісінің еңбегі оқыған адамға көп өнеге, үлгі. Балалар осы шығармаларды оқығаны дұрыс.
Аса дарынды, арынды ақын, үш бәйтеректің бірі – Ілияс Жансүгіровтың «Күй», «Күйші», «Дала», «Құлагер» сынды танымал классикалық шығармалары көпшілік арасында кең танымалдыққа ие. Еске алу кешінде осы туындылар жиналғандар назарына ұсынылды. «Қазақ поэзиясының бәйтерегі» атты кітаптар көрмесі өтті.
ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, ЖАЗУШЫ-ЖУРНАЛИСТ:
- Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Ғабит, Ғабиден, Сәбит Мұқанов осы алтауы қазақ совет әбебиетінің алыптары болған. Кейіннен олардың қатарына Мағжандар қосылды. Ол кісі Қазақстан жазушылар одағының ең алғашқы төарағасы болған. Мәскеудің «Журналистика» институтын бітірген кезінде.
Бүгінде еліміздегі бірнеше білім ордасына, көшеге, аудан мен елді мекенге І. Жансүгіровтың есімі берілген. Талдықорған қаласында ақынның өмірі мен шығармаларына арналған әдеби-мемориалдық мұражай да жұмыс істеп тұр.