Солтүстік Қазақстан облысында балалар зорлық-зомбылыққа қарсы түсіндіру акциясына қатысты. Акция «Тұрмыс» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өтті.

IT-мектеп-лицейіндегі «Жас сақшы» сыныбының оқушылары полицейлермен бірге түсіндіру акциясына қатысты. Петропавл қаласындағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде тәртіп сақшыларымен бірлескен «жас полицейлер» келушілерге отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкинг мәселесіне арналған буклеттер мен балалардың суреттерін таратты.

Сталкинг, яғни адамды қасақана әрі жүйелі түрде аңду — заңға қайшы әрекет екенін білу маңызды. Дене, психологиялық немесе өзге де зорлық-зомбылық фактілері туралы 111 бірыңғай республикалық сенім телефонына немесе «102» арнасы арқылы полицияға хабарлауға болады. Отбасыны қолдау орталығы және Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесіп ұйымдастырылған бұл акция «Тұрмыс» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өтті.

МАХАББАТ ШӘЙКЕНОВА - СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы

Екі күн ішінде облыста полицейлер тұрғылықты жері бойынша 800-ге жуық проблемалық отбасын тексерді. 113 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 34 отбасылық жанжал, қоғамдық орындарда мас күйінде жүрудің 17 дерегі тіркелді. Анықталған фактілер бойынша тәртіп сақшылары 72 қорғау нұсқамасын шығарды, ал соттар 29 құқық бұзушыға қатысты мінез-құлқына ерекше талаптар белгіледі.