ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан 100 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары эвакуацияланды. Оның 5 мыңнан астамы Солтістік Қазақстан облысында тіркелген. Қалаға жақын орналасқан елді мекендердегі ауыл шаруашылығы жануарлары бірнеше жеке кәсіпкердің фермасына орналастырылды. Бұл істі Петропавл қаласының ветеринариялық станциясы қолға алған.


АЙНҰР ДОСАН, ТІЛШІ

- Мұнда онға жуық тұрғынның ауыл шаруашылығы жануарлары эвакуацияланған. Жиырмадан астам ірі қара мал, тағы жылқы, қой, ешкі бақылауда. Бұдан бөлек қалада 3 тұрғынның фермасы қолданыста тұр.


Петропавл қаласының ветеринариялық станциясы жеке кәсіпкерлермен келісіп су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындардың ауыл шаруашылығы жануарларын бақылауына алды. Күнделікті жем-шөбін беріп азықтандырып отыр. Алыс-жақын аудандардан гуманитарлық көмек жіберіп қол ұшын созып жатқандар да бар. Мәселен М. Жұмабаев атындағы аудан 12 тонна жем жіберген. Қазір малдары эвакуацияланған тұрғындар осында келіп қосымша көмек ала алады.


- Әрине алғысымыз шексіз! Осындай қиын сәтте қолдау көрсетіп жатқан жандарға рахмет! Заречное кентінде тұрғанбыз. Су басқан соң 20-ға жуық қойымызды Шаховское ауылына көшірдік. Өзіміздің мал азығы толығымен судың асында қалды. Енді осы жерден жем алып, оларды азықтандырудамыз.


- «Былғары зауыты» ықшам ауданының тұрғынымын. Сиыр, қой, ешкімізді эвакуациялады. 70-ке жуық қой мен 30 ешкіні қаланың басқа бір шетіне көшірдік. Көмектесіп жатқандарға рахмет!


Еске сала кетейік, бүгінде қаладағы үш жеке кәсіпкердің фермасына 500-ге жуық ауыл шаруашылығы жануары орналастырылған.