Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Еліміздің солтүстік өңірін тасқын су алып жатқанда оңтүстік жұрты қарап қалмады. Дереу жылу жинап, өңірге 33 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Ол «Радуга» Жауапкершілігі Шектеулі Серіктестігінің алдында қабылданып жатыр. Игі іске Шымкент қаласының Қазақстан Халық Ассамблеясының, Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелері мен волонтерлер қолдау көрсетті.


Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Жүректен жүрекке» акциясы барысында белгіленген пункттерге қажетті тұрмыстық заттар жөнелтілмек. Жүк көлігінде азық-түлік, дәр-дәрмек, құтқару жұмыстарына керек-жарақ дүние бар. Олар үш жерде, Қызылжар ауданы, облыстық ассамблея ғимараты мен жастар ресурстық орталығында халыққа таратылмақ.


ЕЛЕНА СЕМИДОЦКИХ, СҚО ҚХА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қабылданған заттарды зардап шеккен жандарға тізім бойынша үлестіреміз. Тұрғындар да белсенділік танытып, өз ауданындағы тасқыннан зардап шеккендердің тізімін жасап, қол ұшын тигізді. Осылайша, әлецметтік желілерде топтар ашып су басқан әрбір шағын ауданның тұрғындарымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Яғни, табиғи апаттан зардап шеккен бірде-бір адамды назардан тыс қалдырмаймыз.


Жалпы, облыста 1200-ден астам волонтер күні-түні тыным таппай, табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек қолын созып жатыр. Дәл бүгін Шымкенттен келген гуманитарлық жүктерді түсіріп, эвакуациялық пукнттерге жеткізуге Ұлттық ұлан академиясының курсанттары да атсалысты. Барлығы 30 сарбаз бұл іске білек сыбана кірісті.


ЗУХРИДИН САУЫТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАНЫ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ:

- Бүгінгі күні халқымызғам күн туған кезде ҚР-ның Ұлттық Ұлан академиясының курсанттары, сардарлары мен сарбаздары «Жауынгерлік жанындай ұйысқан, Ұлттық Ұлан елі мен халқына қорған» деген ұранмен халықпен бірге бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, табиғи апаттан келген зардапты жұртымызбен бірге көтеріп, ел үшін аянбай тер төгуге дайын екенін көрсетуде. Қазақ халқы, волонтерлар, барлық саладағы мамандар бір жұдырықтай жұмылып, еңбек етіп, ерліктің, батырлықтың үлгісін көрсетуде.


Айта кетейік, Петропавлға Ресейдің Омбы қаласынан гуманитарлық көмек келе жатыр.