Облыста су тасқыны басталғалы 156 үйге су кірді. Бұл 10 елді-мекендегі үйлер. Өңір бойынша екі мыңнан астам эвакуацияланған. Оның 500-ден астамы бала. Электр бағанының зақымдануына байланысты Петропавлда су беру тоқтатылған еді. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын.


ТЖД мамандарының сөзінше, алдағы бір-екі күнде Петропавлда тасқын су шарықтау шегіне жетеді. Кейін бұл су Вишневка, Ольшанка мен Болшая Малышка және Соколовка елді мекендеріне қауіп төндірмек. Сол себепті де, қазір осы ауылдардың тұрғындарына құтқарушылар қауіпсіз жерге көшулері керектігін хабарлап жатыр.


МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Ауыл тұрғындары тасқын суды өз көзімен көрмеген соң мамандардың сөзін онша елемейді. Қазір Есіл ауданында жағдай тұрақтала бастады. тасқын су қызылжар ауданы мен Петропавлға қауіп төндіріп тұр. Өзен деңгейінің көтерілуі, арнасынан шығуына байланысты әлі де 219 елді мекенді су басу қаупі сақталады.


Бүгін 12 сәуірде «Қызылжар су» ЖШС-дегі 1-ші көтергіш сорғы станциясында электр қуатының сөнуіне байланысты Петропавлда су беру тоқтатылған еді. Қазіргі таңда «Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы» АҚ күшімен электр энергиясын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.


АСҚАР ХАБИБУЛЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Қазіргі кезде жұмыс жасалып жатыр. Алдағы 4 сағаттың ішінде қаланың ішіне су беріледі. Негізі беріліп бастап жатыр. Осы уақыт ішінде давление көтеріп, су беретін боламыз.


Петропавлдың барлық аудандарына су тасымалданып жеткізіледі. Осы мақсатқа 50 арнайы көлік бөлінген.