Облысқа Астана қаласынан 14 көлікке тиелген 8 тонналық гуманитарлық көмек келді. Оны елордалық такси жүргізушілері өздерінің жеке көліктерімен Петропавлға тегін жеткізген. Сондай-ақ, Жамбыл ауданының тұрғындары да тасқын судан зардап шеккен жерлестеріне 2,5 тонна тұрмысқа қажетті заттар жіберген.


Гуманитарлық көмекті «Ерекше әлем», «Жақсылық жаса» қоғамдық қоры және «Қанат» еріктілер қозғалысы жинаған. Олар көмек жинауды осыдан бір апта бұрын бастаған. Нәтижесінде 8 тонна зат жиналып, таңғы сағат 7-лер шамасында Петропавлға жеткізілді.


ДАМИР ӘБДИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Орталыққа азық-түлік, тұрмыстық химиялық заттар, төсек-орын, киім-кешек, аяқ-киім сынды заттар және помпалар жеткізілді. Жалпы, мұнда гуманитарлық көмек сақтаға арналған 3 бөлме бар. Азық-түліктерді, киімдерді және хиямилық заттарды бөлек бөлек сақтаймыз. Тауарлардың бір бөлігін ең алдымен Есіл ауданына жібереміз. Жалпы, бірінші кезекте, заттарды қатты зардап шеккен отбасыларға таратамыз. Артылып жатса, мұқтаж жандарға біртіндеп үлестіріп шығамыз.


Сондай-ақ, Петропавлға Жамбыл ауданының тұрғындары 2 күннің ішінде 2,5 тонна зат жинап жеткізді.Және 250 келі болатын 5 қойдың еті бар. Ал, әкелінген заттарды реттестіруге тұрғындар да белсене көмектесіп жатыр. Оның шінде жасы үлкені де, кішісі де бар.


МИЛАНА ЧЕРНЯЕВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Мен Петропавлда тұрамын. Жасым 11-де. Облысымзды су басып жатқаны маған да ауыр тиді. Кішкентай болсам да, пайдам тисін деп осында келдім. Біз мұнда әкелінген заттарды санап, бөліп, реттестіріп жатырмыз.


АЛЕКСАНДРА АЛЕКСАНДРОВА, БУЛАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Мен көмектесу үшін Булаев қаласынан келдім. Облысты су басып жатқанда қарап отыра алмадым. Заттарды тасу керек болса тасимыз, тарату керек болса таратып шығамыз.Септігім тисе болғаны.


Жалпы, бұл жерде барлығы 30-дан астам ерікті жұмыс істеп жатыр.