Облыста фермерлердің біліктілігін арттыруға арналған ғылыми-практикалық семинар әлі де жалғасып жатыр. Айта кеткен жөн, осыған дейін мамандар сүт және ет өндірісін дамытуға бағытталған бірнеше оқу жиынын өткізген болатын. Бұл жолы институт ірі қараның саулығын тұрақты қадағалауды тақырыпқа арқау етті. Семинарға Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ мамандары мен фермерлер қатысты. Тілшіміз Айнұр Досанның бейнематериалында.


Өңірде мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Сәйкесінше шаруашылықтардағы ірі қара саны да бірнеше есеге артқан. Өнімділікті бұдан әрі арттырудың негізгі қағидалардың бірі ветеринарлық көмекті жедел көрсету, мамандарды қажетті жабдықтармен қамтамассыз ету. Кең таралған аурулардың алдын алу.


ПЕТР ЗАХАРЧУК, САРАПШЫ:

- Алдарыңыздағы арнайы жабдықтың ішіне ірі қараны кіргізіп, мықтап бекітеміз. Бұл сиырды сәл жоғары көтеру кезіндегі қауіпсіздік үшін керек. Жабдықтың көмегімен малдың тұяғын анық көре аласыздар. Нәтижесінде ірі қараның қандай да бір ауруды жұқтырған, жұқтырмағанын анықтауға болады.


Тұяқ аурының салдары әсіресе сүтті сиырларда қатты байқалады. Сондықтан ірі қараны мейлінше жиі тексеріп, бақылауда ұстаған жөн. Сондай-ақ, семинар барысында малдардың көз ауруы да сөз болды.


ДҮЙСЕН ДОМАНОВ, ВЕТЕРИНАРИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

- Егер ірі қараның көзіндегі шырышты қабатынан дақтарды байқайтын болсаңыз, бұл оның қандай да бір ауруды жұқтырғандығының белгісі. Дегенмен осыған қарап бірден шешім шығара салған да дұрыс емес. Аурудың түр-түрі бар. Кейбірін емдеу үшін ірі қара малға вакцина салып жатады. Енді бірін емдеуге жақпа майларды қолданады. Ал жұқпалы аурулар кезінде америкалықтар ерекше әдісті қолданады. Сиырдың қабағын тігіп. Ем-домға кіріседі. Бұл жұқпалы аурулар кезінде қолайлы әдіс.


Еске сала кетейік, ғылыми-практикалық семинардың екінші күні «Әйтеке БИ-СК» ЖШС-де өтіп жатыр. Бүгінде мұндағы мал шаруашылығында 10-нан астам маман еңбек етеді. 500-ге тарта ірі қара мал бар.