Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында ветеринарлардың біліктілігін арттыруға арналған семинар өтіп жатыр. Іс-шараға 30-ға жуық маман қатысуға ниет білдірген. Бұл жолы сала мамандары заманауи диагностикалардың жаңа әдістерімен танысады.


Өңірде мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мәселен, елімізде өндірілетін барлық сүттің 10%-ы СҚО тиесілі. Бұл көрсеткіштердің артуы тікелей ветеринар мамандарға да байланысты. Себебі, ветеринария жолға қойылса, мал ауруға ұшырамайды. Ал сау мал жақсы өнім береді. Осыған байланысты бүгін Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында ветеринарлардың біліктілігін арттыруға арналған семинар басталды.


ЖІБЕК МҰҚАШЕВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бүгінгі семинар 2 күнге шақталған. Біз сонымен қатар вебинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол мал шаруашылығының әртүрлі салаларын қамтитын болады. Оның ішінде ветеринарияда бар. Семинарлар мен вебинарлардың курстары тегін. Олардың нәтижелері бойынша біз қатысушыларға сертификаттар табыс етеміз.


Іс-шараға шақырылған қонақтар семинарға қатысушыларды индустриалды фермадағы жануарлардың алдын алу және емдеудің заманауи әдістерімен таныстырады.


АЛТАЙ ҮСЕНБАЕВ, ВЕТЕРИНАРИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

- Біздің бұл семинарға қатысуымыздың басты мақсаты - Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық зерттеу университетінде жасалған технологияларды өндіріске ендіруге себеп болу. Мысалға, бірнеше экологиялық жағынан қолайлы, дәрілік заттар жасалды. Олардың патенттері бар, тағы бірнеше диагностикалық құралдарымыз бар мына малдың денсаулығын реттеу үшін соның барлығын ендіруге дайынбыз.


Айта кеткен жөн, бұл институт ұйымдастырып отырған алғашқы семинар емес. Осыған дейін фермерлер ет өндірісін дамыту және шем-жөп шығару бойынша тәжірбие жинаған болатын.