Есіл ауданындағы Қарағай ауылы спирттік ішімдік ішпейтін ауылдардың қатарына кіреді. Бұл ауылда алты жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ішімдіктен бас тартқан ауылдың тыныс тіршілігі жайында полиция департаментінің баспасөз қызметі әзірлеген бейнематериалдан көрейік.


Қарағай ауылы Бұлақ ауылдық округінің құрамындағы үш ауылдың бірі. Мұнда 10 жылдан бері арақ-шарап атаулыны мүлдем ұмытқан. Тәжірибелі учаскелік инспектор Қанат Жанғариннің аталған округтегі тәртіпті қадағалап жүргеніне 6 жылға жуық.


Қанат Жанғарин, Бұлақ ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы:

- Қазір біз Қарағай ауылында тұрмыз. Ауылда 27 үй бар. Халық саны – 88. Мен істеп жүргеннен бері бұл ауылда ішімдік ішкен жастар, үлкен кісілер жоқ. Соның арқасында әкімшілік құқық бұзушылықтар жоқ, қылмыстық істер де болған емес. Отбасылық жанжалдар да тіркелмеген.


Ауылдықтар мал ұстайды. Сондықтан болар, еркін жайылым проблемасы туындаған. Бұл мәселе тұрғындардың жиналысында шешімін тапқан. Соңғы үш жылда елді мекенде заң бұзушылықтарға да жол берілмеген.


Бақыт Абылаева, Қарағай ауылының тұрғыны

- Ауылда ешқандай ұрлық жоқ. Ешқандай қорқыныш жоқ. Бәріміз бір-бірімізді танимыз. Ауылда ешкім арақ ішпейді.


Қазіргі уақытта учаскелік инспектордың негізгі жұмысы – интернет-алаяқтықтың алдын алу. Мұндай фактілер де тіркелмеген, бірақ уақыт өткен сайын алаяқтар түрлі айла-тәсілдерді ойлап табуда. Қанат Жанғарин азаматтармен үнемі кездесіп тұрады, WhatsApp желісіндегі ауыл чатына алдын алу сипатындағы жадынамаларды жібереді. Жергілікті тұрғындар да тәртіп сақшысының жұмысына риза. Ащы судан бас тартудың арқасында ауылда береке-бірлік орнаған.