20 наурыз-Ұлттық спорт күні. Осыған орай Борки кентінде шаңғыдан жарыс өтті. Спорттық ІС-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы келіп, жарысқа қатысушыларды мерекемен құттықтады.


Наурызнаманың онкүндігіне сәйкес, 20 наурыз - Ұлттық спорт күні. Осыған орай солтүстікқазақстандықтар Борки кентіне жиылды. Мұнда 600 метрге жаппай шаңғы жарысы өтпек. Бұл шара челлендж аясында ұйымдастырылып отыр. Оны өңірге іргедегі Қостанай облысы жолдады. Шуақты көктемде бас қосқан жұртты Наурызбен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтап, өлкеде ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар өтіп жатқанын айтты.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Бескөлде жамбы ату, аударыспақ және бәйге өтіп жатыр. Пресновкада қазақ күресінен облыс біріншілігі өтуде. Ал облыс орталығында асық ату және тоғызқұмалақтан сайыстар өтуде. Ұлттық спортты жаңғырту - біз үшін маңызды міндет.


Жаппай шаңғы жарысына әуесқойлармен қатар, кәсіпқой спортшылар да қатты. Қатысушылардың жалпы саны 300-ге жуықтайды.


ДУМАН ШЕГЕН, ҚАЗБЕК БАЙБОЛОВ АТЫНДАҒЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БЖСМ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

- Мен Петропавлда орналасқан Қазбек Байболов атындағы спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етемін. Жастарды шаңғы жарысы және биатлон бойынша дайындаймын. Жұмыс істеп жатқаныма 3 жыл болды. Бүгінгі шараға 20-ға жуық тәрбиеленушім келді. Қазір шама-шарықтары байқалады.


ЯСМИН САМИГУЛЛИНА, ҚАЗБЕК БАЙБОЛОВ АТЫНДАҒЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БЖСМ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:

-  Думан Маратұлының қарамағында жаттығамын. Аяққа шаңғы ілгеніме 1 жыл болды. Өзімі осы спорт түрі ұнайды. Бүгінгі күнге дейін біршама жарысқа қатыстым. Додалардың бірінде медаль жеңіп алдым.


600 метр аяқтарына күнде шаңғы ілетін спортшыларға аса үлкен қашықтық емес. Кәсіпқойлар көзді ашып-жұмғанша мәреге жетті. Ал әуесқойлар сәл бөгелді. Сайыс соңында ұйымдастырушылар қатысушылардың барлығына медаль тақты.


Шаңғы жарысы аяқталғасын Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінде асық ату мен тоғызқұмалақтан сайыс бастау алды. Додаға жастармен қатар, аға буын өкілдері де қатысты.