Әйтеке би: парасат биігі мен сөз құдіреті. Осындай атаумен Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында әдеби кеш өтті. Іс-шара мемлекет қайраткері Әйтеке бидің туғанына 380 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Мақсат: ұлы тұлғаның даналық ойларын жас ұрпақтың жадында жаңғыртып, тағылымын насихаттау.


 Әйтеке би ақыл ойының айқындығы мен көрегенділігінің арқасында жоңғар басқыншыларына табанды қарсылық көрсетуді ұйымдастыруға және ұлттық сананы қалыптастыруға үлес қосқан озық ойлы қайраткер. Бүкіл саналы ғұмырын халық игілігіне арнаған даңқты тұлға Тәуке ханның кеңесші билерінің бірі болған. Ол орталықтандырылған қазақ хандығының құқықтың заңдарының жинағы «Жеті Жарғыны» құрастырған.


ДИНАРА ҚАРАТАЕВА, Ғ. МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

Бүгінгі іс-шараға Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зылиха Бимаханова мен ұлттық Ұлан академиясының профессоры Жанбатыр Сартаев арнайы шақырылды. Олар қазақ тарихында елеулі орын алған тұғыры биік тұлға Әйтеке бидің өнегелі өмірі мен өлшеусіз еңбегі жайлы кеш қонақтарына баяндамақ. Сонымен қатар әдеби кешке Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенттері де жиналды. Біз мұндай кездесудерді жиі өткіземіз. Себебі, жастар қазақ халқының қалыптасуына зор үлес қосқан тұлғаларды жете білуі керек.


От ауызды, орақ тілді шешендігі мен мүлтіксіз әділдігіне байланысты биді халық «айыр тілді Әйтеке» деп атаған. Әділ сөздің алдаспаны сонымен қатар қазақ мемлекеттілігінің жоңғар шапқыншылығы жылдарындағы «Ақтабан шұбырынды» болған алапат қырғын кезінде сыртқы саясатты қалыптастыруға зор ықпал еткен. Соғыс жайында, соның ішінде Орбұлақ шайқасы жайлы көп деректер қалдырып, құнды еңбектер жазған дейді, Ұлттық Ұлан академиясының профессоры Жанбатыр Сартаев.


ЖАНБАТЫР САРТАЕВ, ҚР ЖӘНЕ РФ ӘСКЕРИ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИГІ, ПРОФЕССОР:

Әйтеке би туралы айтып кетсем, кезінде 1643 жылы «Орбұлақ шайқасы» болған. Соған байланысты біздің керемет ханымыз Жәңгір хан қатынасып, сол жерден Жалаңтөс, Баһадүрден кісілер келіп, көмектескен сол жерде көп шайқастар болған. Ол кісі дағы өмірінің шайқасын соған жақындатты. Мен Жәңгір хан туралы көп нәрселер жаздым. Одан кейін біздің өңірден сол шайқастарға қатынасқан азаматтар да кездеседі. Олар Қарасай, Ағынтай батырлар.


Кеш соңында ардагерлер екі топқа бөлініп, шешендік өнер байқауына қатысты. Үздік атанған жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар қайраткердің ғибратты ғұмырынан сыр шертетін көрме де көпшілік назарына ұсынылды.