Облыстық әкімдікте Президент тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыс талқыға түсті. Өңір басшысының орынбасарлары атқарылып жатқан шаруаны баяндап, алға қойылған міндеттермен бөлісті. Бұл жайлы келесі бейнематериалда.


 ️Әкімдік отырысы кадрлық өзгерістерден басталды. Аймақ басшысының өкімімен Владислав Лукин Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ал Қызылжар ауданы әкімінің қызметін атқарған Жанат Сәдуақасов енді облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы. Тағайындау мұнымен біткен жоқ.


Ғауез Нұрмұхамбетов, СҚО әкімі:

-  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ басқарма төрағасы бұйрығымен Айнагүл Хабдолғалиқызы Давлетчина ӘМСҚ СҚОФ директоры болып тағайындалды. Айнагүл Хабдолғалиқызы 1976 жылы туған. Батыс Қазақстан облысының тумасы. Осы тағайындауға дейін ӘМСҚ департамент директоры болып жұмыс істеді».


 Бұдан соң жиында 2024 жылға арналған жұмыс жоспары мен Президент тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан іс баяндалды. Мемлекет басшысы жыл сайын экономиканың кем дегенде 6 пайызға өсімін қамтамасыз ету керек деді. Соңғы 3 жылда облыстағы бұл көрсеткіш 1,7 пайыздан аспай тұр. Сондықтан, 2029 жылға қарай жалпы өңірлік өнімді 4 трлн теңгеден асыру қажет.


 Қанат Дүзелбаев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

-  «2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім 1,5 трлн теңгені құрады. Жалпы өңірлік өнім құрылымында негізгі үлесті ауыл шаруашылығы алады. Оның үлесі 20,8% құрады. Өнеркәсіп үлесі 18%, көтерме және бөлшек сауда 12%, құрылыс 5%, тау-кен өндіру өнеркәсібі 1% құрап отыр. Өңдеуші өнеркәсіпке баса назар аудара отырып, өңірдің индустриялық-инновациялық дамуын жеделдету дамудың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Өнеркәсіптік секторда жалпы өңірлік өнім көлемін 0,8 трлн-ға дейін жеткізу қажет».


 Өнеркәсіптік секторда 2020 жылы өсім-5,5%, 2021 жылы – 7,2%, ал 2022 жылы небәрі 4,9% көрсетіп отыр. Айта кететін жайт, облыста салынып жатқан бірқатар нысан белгіленген мерзімінде тапсырылмауда. Нәтижесінде жобалар құны 23 млрд теңгеден астам сомаға қымбаттап кеткен. Аймақта басқа да біршама түйіткілді мәселе шешімін таппай тұр.


Қанат Дүзелбаев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

- «Облыс лагерлерінің 93% - ы 50-60-шы жылдарда салынып, тозығына жеткен. Жаңғыртуды және жарақтандыруды талап етеді. Жаңартылатын электр энергиясының баламалы көздері жоқ; Туристік инфрақұрылым жеткіліксіз дамыған; Ағынды суларды қайта өңдеу және тазарту жөніндегі объектілер жоқ. Балабақшаларда орын тапшылығы мәселесі тұр. Мысалы, Петропавл қаласы бойынша жалпы кезектілік 2647 баланы құрайды. Қатты қалдықтар полигоны болса 80%-ға толған» .


 Ауыл шаруашылығының дамуы экономиканың қарқынды өсуіне ықпал етеді. 2024 жылы саладағы мемлекеттік қолдау 60,8 млрд. теңгені құрайды. Техниканы жаңартуға баса назар аударылмақ. Биыл топыраққа минералды тыңайтқыштардың ғылыми негізделген нормасының 50% -енгізу жоспарлануда, бұл шамамен 256 мың тонна. Облыста су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлердің алаңдарын 2028 жылы 10,1 мың гектарға дейін жеткізілмек. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын суару алаңы 5,4 мың гектарға дейін ұлғаяды.


 Марат Тасмағанбетов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары:

- «Мал шаруашылығын дамыту бірінші кезекте ірі инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен жүзеге асырылатын болады. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, 2026 жылға дейінгі жол картасы бекітілді, оған біздің облыс бойынша 42 жоба енгізілді. Бұл сүт-тауар фермаларын салу, құс фабрикаларын, шошқа кешенін, қой фермаларын салу және кеңейту болып табылады».


Тауарлы сүт өндіру бойынша облыс бірінші орында және ел бойынша барлық тауарлы сүттің 20% -ын өндіреді. Соңғы 3 жылда аймақтың сүт өңдеу кәсіпорындары өңдеу қуатын 13,8 %- ға арттырған. Денсаулық сақтау саласы да шет қалмады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары аймақта 46 нысан салу жоспарлануда, оның 38-і ағымдағы жылы тұрғызылмақ. Облыста «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде де бірқатар шаруа тындырылуда.


 Марат Тасмағанбетов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары:

- «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне қарай облыс орталығында 1200 орындық 2 мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Келесі жылы жұмыстарды аяқтау мерзімімен 1500 орындық тағы 2 мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар, Тайынша ауданы Драгомировка ауылында 120 орындық мектептің құрылысы басталады. Мектептердің құрылысы апатты оқу орындарын жойып, оқушы орындарының тапшылығын қысқартуға мүмкіндік бермек».


Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдың қыркүйек айынан бастап бастауыш сынып оқушыларының барлығы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа оған 3,2 млрд.теңге бағытталып, барлығы 37 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылған. Негізі міндеттердің бірі облыс экономикасына инвестиция тарту. Қазіргі күні 6,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 64 жобаны құрайтын инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы іске асырылмақ.


 Рүстем Құрманов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

-  «Біз отандық және шетелдік инвесторлар үшін «магнит» болып табылатын «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағының жұмысын жандандырамыз. Өз кезегінде, олөңдеуші өнеркәсіп жобаларын іске асырып, өнеркәсіптік өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қатты тұрмыстық қалдықтар саласындағы жағдайды жақсарту үшін аудандар мен Петропавл қаласының әкімдіктері коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаларды бекітеді. Сонымен қатар, облыс орталығында ағымдағы жылдың соңында ҚТҚ полигонының мерзімі аяқталады. Жаңа полигонды салу үшін барлық санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келетін жер учаскесін іріктеу жүргізілуде. Жаңа полигон заманауи қоқыс сұрыптау кешенімен жабдықталатын болады Сонымен қатар, Цифрландыруды дамыту шеңберінде «Смарт Сити» - «Ақылды» қала жобаларын іске асыру жүргізілуде.».


 Бұдан бөлек, Азаматтардың табыс деңгейін арттыру мен жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға дейін төмендету міндеті тұр. Бүгінде облыста кадр тапшылығы мәселесі бар, 8000-ға жуық маман жетіспейді. Сондықтан, ағымдағы жылы 4 мыңнан астам азамат оқытудан өтетін болады. Кіріс бөлігін ұлғайту мен бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру мақсаты тұр. Осы мақсаттар үшін жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайту бойынша жүргізілетін жұмыс топтарының сапасына бақылау күшейтілетін болады.


 Ғауез Нұрмұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-  «Егер жалпы кіріс бөлігінде мәселелер болмаса, онда шығыс бөлігінде сұрақтар бар. Қаржылық тәртіпті сақтау қажет, бюджет қаражаты заң аясында игерілуі керек. Сонымен қатар, біз Экономикалық тергеу департаментімен меморандум жасадық, оған сәйкес бүгін осы қызметпен тығыз байланыста жұмыс істеу үшін ақпарат беру қажет. Бағдарламалардың әрбір маман бюджеттен бөлінген әрбір теңгенің жауапкершілігін түсінуі тиіс».


 Облыс әкімі Мемлекет басшысы жүктеген жұмысты кеңірек және жүйелі түрде жүргізу керектігін айтты. Сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы қаржыландырылатын барлық жобалар ел бойынша масштабталатын пилоттық жоба шеңберінде бақылауда болуы тиіс.