Ақпан айының алғашқы бейсенбісінде Дүниежүзілік сайлау күнін атап өту дәстүрге айналған. Бұл күн 2005 жылы Будапештте өткен сайлауды ұйымдастырушылардың конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде бекітілген. Биыл мейрам 2 ақпанға сәйкес келіп отыр. Осыған орай Петропавлда «Біздің таңдауымыз – біздің болашағымыз» атты облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында жастар сайлау процесі және қазіргі заманғы сайлау заңнамасының қағидаттары туралы ақпарат алды.
Қазіргі таңда Петропавлда сайлау комиссиясының 800-ден астам мүшесі өз жұмысын тиісті деңгейде атқарып жатыр. Сондай-ақ олар 97 ұйымнан тұрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі күні бұл сайлау участкелерінің барлығы дәл осындай іс-шара өткізіп, мемлекетіміздегі сайлау жүйесі туралы көпшілкті ақпараттандырып жатыр. Мұндағы мақсат - жастар арасында сайлау мәдениетін арттыру және олардың назарын сайлау процесінің өзекті мәселелеріне аудару.
КЕҢЕС МҰҚЫШЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бүгін Петропавл қаласында осы Ғабит Мүсірепов кітапханасында жастарға арналған арнакйы осындай іс-шара өткізіп жатырмыз. 1 ақпан – ол Дүниежүзілік сайлау күні деп есептеледі. Қаламыздың әр сайлау участкесінде біздің 97 ұйымымыз іс-шаралар өткізіп жатыр.
Бүгінгі іс-шараға Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Университетінің студенттері де қатысты. Жас буын өкілдері өз ұсыныстарын айтып, еліміздегі сайлау жүйесінің қалыптасу мен дамуын талқылады. Солардың қатарында жоғарғы оқу орнының 1 курс студенті, Қасым-Жомарт Егінбаев та бар. Ол жастарды да саясатқа баулып, олардың сайлауға түсіп, көшбасшы болуына мүмкіндік беру керек деп есептейді.
ҚАСЫМЖОМАРТ ЕГІНБАЕВ, МАНАШ ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:
Жас буынға әсіресе ешкім сенім артпайды. Себебі, жақсы білікті буын өздерін көрсетпей, бір жерде әрекетсіз отыра береді. Әрбір жас азамат өзін көрсететін болса, өзін биік шыңдарға көтере білсе, ол адам да билікке отыра алады және де жақсы көрсеткіштерге қол жеткізеді деген сенімдемін.
Жалпы өңірде барлығы 631 сайлау учаскесі бар. Оның 97-сі Петропавл қаласында орналасқан.