Петропавл қалалық бірінші гимназияның 6-шы сынып оқушысы Егор Папст азаматтық қорғаныс құралдарының түр-түрін жинайды. Бүгінде 12 жастағы оқушының коллекциясында 30-дан астам жәдігер бар. Ерекше хобби иесімен арна тілшілері сұхбаттасып қайтты.
Егор Папст азаматтық қорғаныс құралдарын 2021-жылдан бері жинап келеді. Коллекциясындағы алғашқы газтұтқышты әкесі тарту еткен екен. Кейін атасының досы, Чернобыль апатының куәгері екінші қорғаныс құралын сыйлайды. Бұл жеткіншектің осы заттарға деген қызығушылығын оятқан. Кейін Егор әлеуметтік желіні ақтарып газтұтқыштың бірнеше түрін сатып алған.
ЕГОР ПАПСТ, ОҚУШЫ:
- Қорғаныс құралдарын жинауға деген қызығушылық Чернобыль атом электр станциясы туралы бағдарламаны көрген сәтте басталды. Коллекциямдағы алғашқы газтұтқышым – ГП 5 деп аталады. Кейін ГП4У деген құралды сыйға алдым. Қазір жинағымда газтұтқыштардан бөлек, арнайы кітаптар да бар. Ата-анам да менің қызығушылығымды құптап, коллекциямның көбеюіне үлес қосып жатыр.
АЙНҰР ДОСАН, ТІЛШІ:
- Менің қолымдағы М17А1 деп аталатын противогаз. Ерекшелігі фильтрінің бет бөлігінде орналасуы. Бұл алғаш Британияда өндірілген. Басқа киюге өте ыңғайлы. Тері жақсы тыныс алуы үшін арнайы ойлап табылған.
Егордың жинағына қызығушылық танытқандар қатары қалың. Жеткіншекті ұстаздары қолдап, гимназияда көрме де ұйымдастырған. Онда оқушылар ерекше жәдігерлермен таныса алады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де бұл бастаманы қолдап отыр.
ТЕМІРХАН САҒЫНДЫҚОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ТОБЫНЫҢ ОФИЦЕРІ:
- Осы Петропавл қаласының бірінші гимназиясында 6 сынып оқушысы газқағарлар жинайды деген ақпаратты естіп, осында келіп отырмыз. Шынымды айтсам осында жас жеткіншекте қызығушылығы барын көріп тәнті болып отырмыз. Егер бұл бала болашақта көрме жасаймын, газқағарларын баршаға жариялаймын десе, ТЖ атынан қолдау көрсетеміз.
Егор болашақта жәдігерлер қатарын толықтырмақ. Оның коллекциясынан гимназияда ұйымдатырылған көрме наурызға дейін жұмыс істемек. Өйткені 1 наурыз – дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні атап өтіледі.