Солтүстік Қазақстан облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты барлық бағыттағы жолдар көліктің барлық түрі үшін жабылды. Себебі — көз ашқысыз, желдете жауған қарлы боран. Полицейлер жүргізушілерге елді мекендерден шықпауды қатаң түрде ескертеді. Қазіргі уақытта тек Петропавл қаласының маңында екі жүзге жуық автокөлік жиналған. Олардың басым бөлігі Астана және Жезқазған бағыттарына шыққандар. Полицейлер көліктерді тоқтатып, қолайсыз ауа райы басылғанша жолға шықпау қажеттігін түсіндіруде. Дауылды жел, боран және төмен температура адамдардың өміріне аса қауіпті жағдай туғызады. Тәртіп сақшылары жолдарда тәулік бойы кезекшілік атқарып, қар құрсауында қалған көліктерді шығаруға көмектесуде. Облыстағы жол жағдайы бақылауда. Қазіргі мәлімет бойынша, қозғалыс 12 наурыз таңынан ерте ашылмайды.