«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ өкілдерінің мәліметінше биыл облыста қоқыс қалдықтарын төгетін 274 орын анықталған. Оның 198-і заңсыз. Қалған 76-сының да жағдайы мәз емес. Төгілген қоқыс белгіленген шекарадан асып кеткен.Бұл туралы «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысында айтылды.


Облыстық экология департаментінің басшысы Азамат Бектасовтың мәліметінше, өңірде 267 полигон жойылған. Жалпы, өңір аумағында қатты тұрмыстық қалдыққа арналған 453 орын бар. Оның 102-сінде жер актісі жоқ. Рұқсат құжаттамасы тек өңірдің 11 полигонында ғана бар. Осы мәселеге қатысты арнайы мобильді топ құрылған. Оның құрамына полицейлер, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері және экология департаментінің қызметкерлері кіреді. Жергілікті полиция қызметінің сөзінше, арнайы жұмыс тобы аймақта рұқсат етілмеген 61 қоқыс орнын анықтаған.Жалпы соңғы 10 айда 13 431 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 2503-і ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша болса, қалған 10928-і абаттандыру ережелерін бұзуға қатысты. Оларға арнайы хаттама толтырылды. Және жалпы сомасы 44,5 млн астам теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Оның 26 млн теңгеден астамы өндірілген.