Өңірімізде қарт адамдарға арналған балабақша сияқты демалыс орнының барын көбісі біле бермейді. «Долголетие» атты зейнеткерлерге арналған орталық 2022 жылдың 1 қарашасында өз жұмысын бастаған. Мұнда үйде отырып зеріккен қариялар таңнан кешке дейін қалағанынша демалып, уақытын тиімді өткізе алады.
Қазіргі таңда орталыққа 18 қарт адам жанына сая, көңіліне медет іздеп келеді. 25 адамға арналған мекемені Ресейден келген мигрант Лилия Даниленко ашқан. Бұл жерде жасы келген тұрғындар өзге де қатарластарымен бірге әңгіме-дүкен құрып, серуендеп, уақытын қызықты өткізуі үшін барлық қолайлы жағдай жасалған.
ЛИЛИЯ ДАНИЛЕНКО, «ДОЛГОЛЕТИЕ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біздің жұмыс уақытымыз сағат 9-дан басталады. Қарттарға арналған орталықта бақшадағыдай түрлі іс-шаралар, мерекелік, концерттік бағдарламалар өткізіледі. Және зейнеткерлер шаршаған кезінде тынығады, бір мезгіл таза ауада серуендейді.
Мекемеде тіпті қарттардың шығармашылықпен айналысуына бағытталған вокалдық ансамбльдер де құрылған. Сонымен қатар оларға арнап мерекелік көңіл-күй сыйлайтын түрлі шаралар ұйымдастырылады.
ФИДАНИЯ ХАТИПОВА, ТҰРҒЫН:
Бұл жерде біз өз қатарластарымызбен бірге сыр шертеміз, әңгімелесеміз. Уақытымызды естен кетпестей көңілді өткіземіз. Бәріміз бірге жан тебіреніспен әуелетіп ән шырқаймыз. Осында бір-бірімізбен әңгімелесіп отырып, шай ішеміз.
Айта кетейік, орталық тек келушілерден ай сайын түсетін қаражат есебінен жұмыс істейді. Мекеме меңгерушісі Лилия Даниленко алдағы уақытта Алматы, Астана, Шымкент, Атырау қалаларында да филиалдар ашуды жоспарлауда. Осы мақсатта ол өзінің франшиза жобасын әзірлеп жатқанын атап өтті.