Полиция департаментінде «Үздік жедел уәкіл» кәсіби байқауы қорытындыланды. Биылғы жылы өткен байқауда ең үздік көрсеткіштер есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасынан қатысқан жедел уәкілдің еншісінде. Байқауда жеңіске жеткен Қуандық Қапаров жақында республикалық деңгейде өтетін Ішкі істер министрлігінің байқауында өңір намысын қорғайтын болады.


Жуырда солтүстікқазақстандық полицияның 20 офицері дәстүрлі облыстық байқауға қатысты. Әр қызметтен үздік деген қызметкерлер іріктеліп алынды. Криминалдық полиция, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, экстремизмге, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл – полицейлер әр түрлі бағытта қылмыспен күресуде. Кәсіби байқауда қызметкерлер заңнама мен ведомстволық бұйрықтарды білу жағынан тестілеуден өтті, атыс және дене шынықтыру дайындығынан сынақтар тапсырды. Сондай-ақ офицерлер жауынгерлік күрес тәсілдерін қаншалықты меңгергенін көрсетті. Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша СҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры 35 жастағы Қуандық Қапаров үздік шықты. Офицердің екі жоғары білімі бар. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарында мерзімді әскери борышын өтеген. Ішкі істер органдарында 2011 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Қалалық және облыстық криминалдық полиция бөліністерінде мол тәжірибесі бар жедел уәкіл туған өлкесі Тимирязев ауданының полиция бөліміндегі криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы болған. 2023 жылдан бастап есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі лауазымында. Әріптестері мен оның басшылығы Қуандық жайлы оң пікірде.


ИВАН ТЕРЗИДИ, СҚО ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

 - Биыл өткізіліп жатқан байқаудың ерекшелігі – оған департаменттің барлық жедел бөліністерінің қызметкерлері қатысуда. Өткен жылдары өткізілген байқауларға тек криминалдық полиция қызметкерлері қатысқан болатын. Полиция майоры Қапаров есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісінде 2020 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Оның тікелей қатысуымен бірқатар есірткі қылмыстары анықталды. Оның ішінде соңғы 10 жылда анықталған өсімдік тектес есірткі заттарының тәркіленген ең ірі партиясы да бар


Бос уақытында әдебиетті оқып, білімін арттырып отырады, спортпен айналысады екен. Қуандық полицияға қызметке орналасқалы жатқан жастарға және жас қызметкерлерге өздерін жетілдіріп отыруға, төзімді, табанды болуға және әр түрлі адамдармен қарым-қатынас жасай білуге кеңес береді.


 ҚУАНДЫҚ ҚАПАРОВ, СҚО ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

- Технологиялар дамыған сайын заман ағымына сай болып, үнемі жаңа нәрселерді меңгеріп отыру қажет. Жедел уәкіл жұмысында жан-жақты болуы тиіс. Қылмыскерді әшкерелеу үшін бір қылмыстық іспен шектелмей, әр түрлі тәсілдер мен әдістерді, комибанцияларды қолданып отыруы қажет. Кез келген уақытта қылмыскермен бетпе-бет келіп қалуың мүмкін. Сондықтан жедел қызметтегі полицей шыныққан, білімді, өз ісіне сенімді болғаны дұрыс


 Жақын уақытта Қуандық Қапаров республикалық деңгейде өтетін Ішкі істер министрлігінің байқауында өңір намысын қорғайтын болады.