Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жедел медициналық жәрдем орталығының фельдшерлерімен бірлесіп, темір тұлпар иелеріне көлік тізгінінде ұйықтап кетудің қаупі жайында ескертіп «Рөлде ұйықтау» акциясын өткізуде.
Жыл басынан облыс жолдарында 143 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 7 адам қаза тауып, 200 адам жарақат алды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және қайғылы статистикаға жол бермес үшін полицейлер бірқатар алдын алу шараларын өткізіп тұрады.
Түнде патрульдік полицейлер мен дәрігерлер облыс орталығынан шыға берісте «Астана-Петропавл» тас жолында көліктерді тоқтатуға көшті. Мақсат – жүргізушілердің қаншалықты шаршағанын тексеру. Көбінесе жүк көліктері мен көп орынды минивендер тоқтатылды. Әсіресе, Қазақстанның басқа өңірлеріне жол тартқандар және шетелден транзитпен бара жатқан көліктерге назар аударылды. Ең алдымен сақшылар олардың денсаулық жағдайы жайлы сұрап, жүргізушілерге кофе, бауырсақ ұсынды. Бұдан бөлек, облысаралық, республикалық жолдардағы жағдай туралы сұрады. Медицина қызметкерлері қан қысымын өлшеп, қажет болған жағдайда дәрі-дәрмек берді. Қысымы жоғары немесе шаршаған жүргізушілерге жақын маңдағы демалыс орнына бару ұсынылды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, шамадан тыс шаршау және ұйқының жетіспеушілігі, әсіресе, түнгі уақытта және қала сыртындағы жолдарда апат қаупін айтарлықтай арттырады.
СНХР: Жасұлан Сәдуақасов - СҚО ПД патрульдік полиция батальонының взвод командирі
«Рөлде ұйықтау» акциясын тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері жиі өткізуді жоспарлап отыр.