Қазақстанда тамыз айының екінші жексенбісі құрылысшылар күні. Кәсіби мереке қарсаңында құрылыс саласынде еңбек етіп жүрген 30дан астам маманның еңбегі еленді. Сала мамандарын облыс әкімінің атынан оның орынбасары Сатжан Аблалиев құттықтады.


Құрылысшы- адамзат өркениетінің бастауында тұрған, жауапкершілігі мол мамандық.Қазіргі уақытта облыста құрылыс саласы қарқынды дамып жатыр. Мұның өзі өңір экономикасын дамытуға септігін тигізеді. Жоғары талғам мен ерен еңбекті талап ететін сала мамандарын кәсіби мереке қарсаңында облыс әкімінің орынбасары С.Аблалиев құттықтады.


СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Соңғы жылдары облыста құрылыс саласы өте қарқынды дамып келеді. Өңірде көптеген ірі жобалар іске асырылып жатыр.Қазір 3 емхана салынып, оның екеуі биыл қолданысқа берілмек. 5 мектеп бой көтеріп жатыр. тағы да көптеген құрылыс нысандары салынуда. Бұл жерде құрылысшылардың еңбегі ерен. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Еңбектеріңіз елене берсін.


 Кәсіби мереке қарсаңында 32 құрылысшының еңбегі еленді. Солардың бірі- Роман Тыртышный. ОЛ «Основание» ЖШС 11 жыл бұрын еңбек жолын қарапайым қызметкерден бастаған. Қазіргі уақытта серіктестік директорының құрылыс жөніндегі орынбасары. Құрылысшы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алғыс хатымен марапатталды.


РОМАН ТЫРТЫШНЫЙ, «ОСНОВАНИЕ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

– Өз мамандығым маған қатты ұнайды. Петропавлды аралағанда мынау нысанды біз салып едік қой деген мақтаныш кернейді. Өз еңбегіңнің жемісін көресің. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл мамандық иелерін, әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын.


Бұл күні тәжірибелі мамандармен қатар, салаға енді ғана қадам басқан жастар да құрмет-қошеметке бөленді. Мәселен, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Арыстан Қайыржан облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Арыстанның құрылыс саласына келгеніне 2 жыл болған.


АРЫСТАН ҚАЙЫРЖАН, СҚО ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

-  Облыс әкімдігінің еңбегімді бағалағанына рахмет айтқым келеді. Қазір құрылыс басқармасының құрылыс бөлмінде жұмыс атқөарамын.


Іс-шара мерекелік концертке ұласты.