Петропавлда ҚР парламент сенатына депутат сайлауы өтті. Қаңтар айында Гүлмира Кәрімова мезгілсіз қайтыс болып, оның орнына депутат сайлауы 2 маусымға бекітілген еді. Жергілікті мәслихат депутаттарының басым көпшілігі «Аманат» партиясы облыстық филиалының төрағасы Әсем Рахметованы лайық деп таныды.


Бүгінгі маңызды іс-шарада облыстан 2 үміткер бақтарын сынады. Сенаторларды сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүргізілді. Айта кетейік, сайлауға ел азаматтары тікелей қатыса алмайды. Тұрғындар атынан сенаторларды түрлі деңгедегі мәслихат депутаттары таңдайды.


САҒЫНДЫҚ РАХЫМЖАН, СҚО САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Сайлау датасы белгіленгеннен кейін ҚР парламент сенаты депутаттығына 7 кандидат ұсынылды. Ол кандидаттың біреуі тіркеуге дейін өз кандидатурасын қайтарып алды. 1 кандидат Кнституцияның заңына сай келмеді. Және 1 кандидат тіркеуге қажетті құжаттардың барлығын ұсынған жоқ, сондықтан бұл кісі тіркелген жоқ. Жалпы 4 кандидат тіркелді. Олардың екеуі сайлаудың алдында өз кандидатураларын өз еркімен алып тастады.


Осылайша ҚР Парламент Сенаты депутатын сайлауға облыстан Әсем Рахметова мен Рауза Қасенова үміткер ретінде түсті. Өңірде жалпы 193 мәслихат депутаты бар. Бүгінгі сайлауға олардың 180 қатысып,өз таңдауларын жасады. Өңірдің әр ауданынан жиналған депутаттар екі үміткерден де үлкен үміт күтетінін айтты.


МАҚСАТ ҚҰДРАТУЛЛАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

- Бүгін біз мәжіліске депутат сайлауға жиналдық. Кандидаттардан үлкен жұмыс күтеміз. Сайлауалды бағдарламаларымен таныстық.Бағдарламалары өте ауқымды. Алға қойған мақсаттары да күшті. Сондықтан облысымызға шын жүректен еңбек істейтін адамды таңдаймыз деп ойлаймын.


Сайлаудың нәтижесі бойынша 180 дауыс берушінің 6-ауы барлық үміткерге қарсы екендігін білдірген. Ал, 134 депутат Әсем Рахметоваға дауыс берсе, Рауза Қасенова 39 дауыс жинаған.


ӘСЕМ РАХМЕТОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫ ДЕПУТАТТЫҒЫНА САЙЛАНУШЫ:

- Үгіт насихат жұмыстарын жүргізген кезде аудандарды аралаған кезде, қобылжыған көңілге өз қолдауларыңызды білдіріп, демеу көрсеттіңіздер. Көптеген мәселені өздеріңізбен талқыладық. Соның бәрін бірлесе шешу керек. Жоғары палатада қызмет ету жауапкершілігі зор қызмет екенін біліп отырмын. Алдағы уақытта күш-жігерім жеткенше, көптеген мәселені шешуге, шамам жеткенше облысқа өз қолдауымды көрсетуге әзір екендігімді сіздерге жеткізгім келеді.


 Әсем Рахметова СҚО тумасы. Қазіргі уақытта «Аманат» партиясының облыстық филалалының төрағасы қызметін атқарады. Естеріңізге салайық, қаңтар айында сенатор Гүлмира Кәрімова мезгілсіз дүниеден өткен еді.Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Гүлмира Кәрімованың өліміне жүрек талмасы себеп болғанын айтты.