Петропавл полициясының жас қызметкері Виктория Вьюшкина учаскелік инспектордың көмекшісі қызметін атқарады. Әрі мемлекеттік тілді де жетік меңгерген. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ол қызметі жайлы айтып, мерекеге деген көзқарасымен бөлісті.


Виктория Вьюшкина бөлімдегі істерді мемлекеттік тілде жүргізеді. Есепте тұрған тұлғаларды тексеруге қатысып, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдайды. Негізгі міндеті – бөтеннің мүлкін ұрлау мен интернет-алаяқтық секілді қылмыстардың алдын алу. Бүгінде Викторияның қызмет атқарып жүргеніне жарты жылдан асқан. Десе де әріптестері ол жайлы жақсы пікірде.


Денис Солоха, № 12 УПП учаскелік полиция инспекторы:

- Виктория біздің арамызда 2022 жылдың шілдесінен бастап қызмет атқарып жүр. Осы уақытта өзінің жауапты маман екенін көрсетті. Барлығына көмектесуге дайын. Істі қазақ тілінде жүргізеді.


Викторияның ұлты – украин. Өзінің айтуынша, арғы аталарында орыс пен түріктер болған. Туып-өскен жері Уәлиханов ауданының Ақбұлақ ауылы. Қазақ-орысы аралас ауылда өскендіктен екі ұлттың әдет-ғұрыпына тең қарайды. Ал мемлекеттік тілді жақсы білуі әжесінің оны қазақ тіліндегі мектепке беруінің арқасы деп есептейді.


Виктория Вьюшкина, № 12 УПП учаскелік полиция инспекторының көмекшісі:

- Менің қазақ тілінде жақсы сөйлеуім – әжемнің қалауымен қазақ мектебінде оқыдым. Содан кейін бірінші және он бірінші сынып аралығында қзақша оқыдым. Содан кейін Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқу түсіп, қазақ тобында білім алдым.


 Көптеген қылмыс пен құқық бұзушылықтар ішімдікті асыра сілтеуден, адамдардың бір-біріне сыпайылықпен қарамауының салдарынан болады. «Осыны көріп, жауапкершілікті, бір-бірімізге деген құрметті түсінеміз», - дейді Виктория.


Виктория Вьюшкина, № 12 УПП учаскелік полиция инспекторының көмекшісі:

- 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Бұл мейрам – татулық пен бірліктің күні. Жалпы Қазақстанда 130 астам түрлі ұлт өкілдері татулықта өмір сүруде. Біздің өңірде полицияда 20-ға жуық түрлі ұлттардың өкілдері жұмыс істейді.


Бірлік күні қарсаңында Виктория Олегқызы отандастарына ашық аспан, өзара түсіністік, ынтымақ және Отанымыздың гүлденуін тілейді.