Петропавл әкімі Руслан Аңбаев қала тұрғындарымен кездесіп, облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы айтып берді. Бұдан бөлек, кездесу барысында осы жылы атқарылуы тиіс жұмыс жоспарларымен бөлісті. Жалпы, биыл Петропавлдың бірнеше ауданында жаңа кәріз желілері салынып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3300 орынға шақталған 4 білім ордасы бой көтермек. Әріптесім Майгүл Сейілбектің бейнематериалында.


Ең алдымен Руслан Аңбаев шаһардағы жолдардың жағдайына тоқталды. Биыл тозығы әбден жеткен жолдарды ретке келтіру үшін облыс қазынасынан 4 млрд теңге бөлінді. Бұл мәселе өңір жетекшісі Айдарбек Сапаровтың да назарында екенін атап өткен жөн. Облыс әкімі де жолдардың жай-күйімен танысып, бұл мақсатқа қосымша тағы 1 миллиард бөлу қажет екенін айтты. Осылайша жөндеу жұмыстары 18 көшеде жүргізіледі. Бұдан бөлек, халықпен кездесу барысында қала әкімі тұрғын үй секторды су басу және ҚТҚ шығару мәселесіне тоқталды.


РУСЛАН АҢБАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Өкінішке орай, кейбір жеке сектор тұрғындары көрінген жерге қоқыс тастауды жаман әдетке айналдырды. Бұл мәселені одан бетер ушықтыруда. Мұнымен қоса, тұрғындардың қоқыс шығаратын компанияларға қарызы да шешімін таппай жүр. Мұның бәрі ҚТҚ ға төмен тарифтермен бірге осы компаниялардың жұмысына теріс әсер етеді.


2023-2024 жылдары Петропавлдың Солнечный-2 шағын ауданында ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын жаңа кәріз желісін салу жоспарланған. Бүгінгі күні 5 көшеде ұзындығы 13 шақырымды құрайтын арық салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр.


РУСЛАН АҢБАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Ауа райы жылынып, еріген қардың суы бірқатар аудан тұрғындарына қиындық туғызуда. Жерлестеріміздің үйлері мен аулаларына су кірмеу үшін жаңа кәріз желілерін көптеп салу қажет. Бұл жұмыстар Солнечный-2 шағын ауданын және қаламыздың Шухова, Назарбаев, Гашек, Ломоносов, Матвеев, Караванная, Калинин, Фрунзе, Мүсірепов және «Береке» шағын ауданының Гастелло, Батыр Баян, Громов көшелерінде іске асырылады.


 Алдағы үш жылда Петропавлдың бірнеше ауданында жалпы 3300 орынға шақталған 4 білім ордасы бой көтереді. Олар «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы аясында облыс орталығының «Қапай», «Жас Өркен», «Орман» және «Береке» шағын аудандарында салынады. Екеуінің құрылысы осы жылы қолға алынады. Жобаны «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бірыңғай операторы жүзеге асырады. Солтүстік өңірде аталмыш бағдарламаны іске асыру үшін ел қазынасынан 21 млрд теңге қаржы бөлініп отыр.


РУСЛАН АҢБАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Биыл білім саласының бюджеті 25 млрд 6 млн теңгені құрап отыр. Облыс орталығында орналасқан бірқатар мектеп пен балабақшаның материалды-техникалық базасы жаңартылады. Бұдан бөлек, 2023-ші жылы Петропавлда 17 мектеп пен 2 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы мақсатқа 649 млн теңге бөлінеді.


 Бүгінгі күні Петропавлда 1073 көпқабатты үй бар. Басым бөлігінде әлі күнге дейін пәтер иелері кооперативі жұмыс істеп тұр. Тек 367-і ғана мүлік иелері бірлестігін тіркеген. Осы ретте қала әкімі халықпен кездесуде тұрғындардан бұл бағыттағы жұмысты күшейтулерін сұрады. Кейін шаһар басшысы жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді.


ЛИДИЯ БУРМА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

-  Мен Солнечный-1 шағын ауданында тұрамын. Өкінішке орай әлі күнге дейін су мәселесі шешілген жоқ. 90-шы жылдары су құьырлары салынуы керек еді. Алайда, ол жұмыс тоқтап қады. Қазіргі таңда көршілер бір-бірінен жалғап, суға қосылды.Қызылжар су серіктестігі көмектесіп, бізді өздеріне қосса екен дейміз.


 Қала әкімі Руслан Аңбаев тиісті органдарға бұл мәселені қарастыруға тасырма берді.


РУСТАМ ЖҮСІПБЕКОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

-  Жақында «Орман» шағын ауданында жаңа мектеп салынбақ. Бұл әрине жақсы іс. Алайда, бұл жерде дұрыс жаяу жүргіншілер өткелі жоқ. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін осы мәселені ескерсеңіз дейміз.


РУСЛАН АҢБАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

-  Әрине, есепке аламыз. Жолдың бір бөлігін биыл мектеп салынып жатқан кезде салуды бастаймыз.


 Кейін қала әкімі азаматтарды жеке қабылдап, сауалдарына жауап берді.



Майгүл Сейілбек