Ақпараттық технологияның адамға берері мол. Дегенмен соңғы жылдары келтіріп жатқан зияны да аз емес. Бүгінгі күні киберқылмыстың түрі жыл санап көбейіп, алаяқтардың құрбанына айналған қазақстандықтардың саны күннен күнге артуда. Мәселен, өткен жылы ел бойынша 20 факті тіркелсе, соның 1мыңға жуығы СҚО-да орын алған. Киберқылмыспен күресті күшейту мақсатында облыстық прокуратурада жергілікті атқарушы органдар мен екінші деңгейлі банктер өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Іс-шара барысында кешенді жоспар бекітілді.


Статистикалық мәліметке сәйкес, соңғы 5 жылда өңірде тіркелген алаяқтық фактілеріінң саны жеті есе өсті. Мәселен, 2018-ші жылы киберқылмыстың 143-і, өткен жылы 991 факті тіркелді. Былтыр ел тұрғындарына 14 млрд теңгеге шығын келтірілген. Өңір тұрғындары 2 млрд теңгені алаяқтардың қолына ұстатып қойған. Ал, жасаған қылмысы үшін жаза алып жатқан қылмыскерлер өте аз. Соңғы 2 жылда қылмыстық жауапкершілікке небәрі 130 алаяқ тартылды. Жалпы, мамандардың сөзінше алданатын азаматтардың басым бөлігі зейнеткерлер мен 32-40 жас аралығындағы ересектер.


ҒАНИ ЖАЛБИ, СҚО ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Алданатын азаматтардың басым бөлігінің құқықтық сауаттылығы төмен. Құқық қорғау органдарының ескертулеріне қарамастан алаяқтарға алданып, мүлкі мен ақшаларын беріп қоятындардың саны жылдан жылға артып келеді. Мұнымен қоса алаяқтықтың да жаңа түрлері пайда болуда. Статистикаға сүйенсек 1 күнде 4, 1 айда 50-80 осындай қылмыс тіркеледі.


 Кибер алаяқтықтың ең көп тараған тәсілі банк қызметкерінің атынан телефон арқылы қоңырау шалу арқылы шоттардан ақша ұрлау, ОЛХ сайтында және басқада интернет-хабарландырулар бойынша жоқ тауар немесе қызметке алдын ала төлем не болмаса толық соманы өтеу болып табылады.


АСХАТ ЖҰМАБЕКОВ, СҚО ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ:

- Осы қылмысқа қарсы кешенді жоспар жарияланды. Оның аясында облыс тұрғындары арасында профилактикалық жұмыстар жалғасатын болады.  Бұл қылмыс түрлерін ашу кезінде белгілі бір қиыншылықтар бар. Күдікті ұсталған жағдайда сот тәртібінде бұл шығындар жәбірленушіге қайтарылады.


 Қазіргі таңда өңірдің құқық қорғау органдары жерлестеріміздің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында кешенді жоспар әзірледі. Оның аясында облыс аумағында бірқатар іс-шаралар іске асырылмақ. Осылайша мамандар алаяқтарға алданатын азаматтардың санын азайтып, киберқылмыспен күресті күшейтпек.



Майгүл Сейілбек