Көктем шаһардағы Сүтішев көшесі, 18 мекенжайы бойынша орналасқан көпқабатты үй тұрғындарын әбігерге салды. Пәтер иелерінің айтуынша, былтыр қазан айында жауапты серіктестік шатырды толығымен жаңартқан. Алайда, суағарлар орнатпаған. Соның салдарынан, тұрғын үй қабырғалары үгітіліп жатыр. Тұрғындармен арна тілішілері тілдесті.


Сүтішев 18 мекен-жайы бойынша орналасқан тұрғын үй 1984 жылы салынған. 105 пәтер бар. Былтыр тозығы жеткен шатырдан соңғы қабатта тұратын тұрғындардың пәтерлеріне су аққан. 2021 жылы шатырды ЖӨНГЕ КЕЛТІРУГЕ Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы БОЙЫНША 73 млн 504 мың теңге бөлінген. Жауапты серіктестік іске тек былтыр қазан айында ғана кіріскен.


ЕЛЕНА КУСТОВА, МҮЛІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Екі жылдан бері осы шатырмен арпалысып жүрміз. Уәде береді, бірақ орындамайды. Шатырды жөндеп берді. Бірақ олқылықтар өте көп. Шатырдан су ағатын құбырлар жоқ. Петропавл қаласының тұрғын-үй қызметіне де жүгіндік. Еш пайда жоқ. Ал «Нүрсейітов» серіктестігі тек ақша жоқ деген сылтау айтады.


Шатыр жаңартылғанымен мәселе шешілмеген. Қазіргі уақытта шатырдан аққан су салдарынан көпқабатты тұрғын үйдің қабырғалары үгітіліп жатыр. «Жауын-шашын болғанда үйімізді су басады ма деп қорқамыз»,- дейді тұрғындар.


ҚАЙЫРБЕК САРҚҰЛҰЛЫ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Мен бұл үйде 15 жылдан бері тұрамын. Шешілмеген мәселе көп. Қалалық, облыстық әкімдікке де бардық. Ешкім назарға алмады. Ал жауапты серіктестік жұмысын шала істеп кетті. Бастапқыда неліктен өз жауапкершілігіне алғаны түсініксіз.


 «Нүрсейітов» серіктестігі көкшетаулық компания. Жауапты маманмен телефон арқылы тілдестік. Оның сөзінше, қажетті құрылғылар Ресей елінен әкелінеді. Сол себепті де, жөндеу жұмыстары кешігіп жатыр.


 АСЫЛБЕК НҰРСЕЙІТОВ, «НҰРСЕЙІТОВ» ЖШС БАСШЫСЫ:

- Маған ешқандай тұрғын хабарласып, шағымын айтқан жоқ. Біз былтыр тұрғын үй шатырын ауыстырдық. Ал су ағарларды енді орнатамыз.


Серіктестік алдағы бір аптада тұрғындар мәселесін шешуге уәде берді.