Петропавлда Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамына орай «Qyzyljar 2023 шеберлер мекені» қолөнершілер фестивалі өтіп жатыр. Мәдени іс-шарада еліміздің 7 облысынан және РФ-ның көршілес аймақтарынан келген 22 шебер бас қосты. Фестиваль барысында он саусағынан өнер тамған, өз ісінің хас шеберлері өзара тәжірибе алмасып, бұйымдарын саудаға қойды. Фестивальді арнамыздың түсіру тобы да тамашалап қайтты.


 Қызылорда облысының тұрғыны Айдана Әлайдарова Қорқыт ата университетінде этнодизайн пәнінен сабақ береді. Петропавлда өтіп жатқан фестивальге шебер киізден панноның түр-түрін жасап, арнайы алып келген. Қолөнерші заманауи және дәстүрлі технологияларды қолданып, бұйымдарына қойдың жүнін пайдаланады. Екі тәсілдің айырмашылығы киізді жұмсартып, басатын судың температурасы мен уақытында ғана. Мәселен, дәстүрлі түрінде су міндетті түрде ыстық болуы тиіс. Шебердің сөзінше киізбен жұмыс істегенде оның мүмкіншілігі зор. Тігіссіз, ойық әдістерін қолданып ұлттық нақышта түрлі киім-кешек, дорба, бас киім сынды бұйымдарды басуға болады.


АЙДАНА ӘЛАЙДАРОВА, ҚОЛӨНЕРШІ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ:

-  Қазіргі заманауи технологияда алдын ала эскиз жасаймыз. Өзінің арнайы инелері бар сол инемен шаңшу арқылы кескіндеме сурет саламыз ғой сол сияқты түстерді қоя алатын мүмкіншілігі бар. Политра, контур жасасақ та соны жүнмен араластырып, майлы боумен жазған сияқты жұмыс істеуге болады.  Өзінің композициясына байланысты 1 аптада немесе 2-3 күнде, 2-3 айда бітуі мүмкін. Көлеміне байланысты.


Ал, ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген мына көрпелердің барлығы Түмен облысының тұрғыны Салтанат Исаеваның қолынан шыққан. Қолөнерші Петропавлда өтетін фестивальге жылда қатысады. Шебердің сөзінше шет мемлекетте тұрса да өзінің ұлттық салт-дәстүрлері мен мейрамдарын ұмытпайды. Оның үстіне қыз жасауы, құдағи дорба сынды бұйымдарға көрші мемлекетте сұраныс жоғары дейді.


САЛТАНАТ ИСАЕВА, ҚОЛӨНЕРШІ, ТҮМЕН ОБЛЫСЫ, РФ:

- Түмендік қазақтар ұлттық салт-дәстүрлерін ұмытпаған, күнделікті түрде ұстанамыз. Әр үйде осындай көрпешіктерді көре аласыз. Бала кезімде әже-аналарымыз құрақ көрпе тігетін. Солардан көріп, бізде үйрендік. Жастық, көрпелерді көбіне қыз жасауына тапсырыс беріп, жасатады. Матаның барлығын Қазақстаннан сатып аламын. Көбіне велюрді қолданамын.


 Шебердің сөзінше 3Д үлгісінде тігілетін құрақ көрелерге көп уақыт бөлу қажет.


САЛТАНАТ ИСАЕВА, ҚОЛӨНЕРШІ, ТҮМЕН ОБЛЫСЫ, РФ:

-  Басты ерекшелек – жастық немесе көрпе паралонмен қапталған. Яғни ою-өрнек, этносуреттерідң барлығы да паралонның үстіне салынады. Бірнеше көрпе мен жастықтан тұратын жинақты мен өзім әдетте 20-25 күн ішінде тігемін.


Бұдан бөлек «Қызылжар 2023 шеберлер мекені» фестивалінде ағаштан, темірден жасалған бұйымдар, қыш құмырылар, зергерлік бұйымдар, түрлі суреттер мен өзге де заттарды сатып алуға болады. Жалпы, көрмеге облыстың 7 өңірінен және РФның көршілес аймақтарынан 22 шебер қатысуда.


ЕРКІН ШАЛКЕНОВ, СҚО МУЗЕЙЛЕР БІРЛЕСТІГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Былтыр тұрғындар арасында ұлттық нақышта жасалған бұйымдарға сұраныс жоғары болды. Жалпы, фестивальге келген халықтың қарасы қалың болған соң биылда осы іс-шараны өткізуді жөн көрдік. Бұдан бөлек осы жәрмеңке арқылы қолөнершілер бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасып, бұйымдар жасаудың әдіс-тәсілдерімен жаңа технологиялармен бөлісе алады.


Наурыздың 21 мен 22 аралығында «Қызылжар 2023 шеберлер мекені» фестивалі қаламызыдң басты алаңында жалғасады.



Майгүл Сейілбек