СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Есіл ауданына барды. Аймақ басшысы Мальцево ауылы маңында салынып жатқан жаңа көпірдің құрылыс барысын қарап, нысанның сапасына назар аударды. Сондай-ақ ауылда орнатылып жатқан антенна-мачталық құрылғының жұмысымен танысты. Сапар соңында Еңбек ауылында бой көтерген жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты.

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Есіл ауданына барып, «Покровка - Ильинка - Мектеп» бағытындағы облыстық маңызы бар жолдың жөндеу жұмыстарының барысымен және Мальцево ауылының маңында салынып жатқан көпір құрылысының қарқынымен танысты. Екі жылға жоспарланған жоба аясында бүгінге дейін 2 миллиард теңгеден астам қаржы игерілген. 15 қарашада жеңіл көліктердің, ал 15 желтоқсанда жүк көліктерінің қозғалысын ашу жоспарлануда.

СНХ: Ерден Шортыбаев, СҚО әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы


Жұмыс сапарының келесі нысаны - Мальцево ауылы. Мұнда аймақ басшысы орнатылған антенна-мачта құрылғысымен танысты. Байланыс сапасын жақсарту мақсатында бой көтерген мұнара «Мальцево» ЖШС-нің өз қаражаты есебінен салынған. Заманауи коммуникациялық құрылғы ауыл тұрғындарына интернет пен ұялы байланыс қызметін тұрақты пайдалануға мүмкіндік береді.

СНХ: Азамат Байтеміров, СҚО әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы


Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Еңбек ауылында салынған жаңа бастауыш мектептің ашылу салтанатына да қатысты. Ғауез Нұрмұхамбетов атап өткендей, сапалы білімге қолжетімділік - әрбір ауыл тұрғынының негізгі құқығы, ал оны қамтамасыз ету - мемлекеттің басты міндеті.

СНХ: Ғауез Нұрмұхамбетов, СҚО әкімі


Білім ордасы «Бай Еңбек» ЖШС-нің қаражаты есебінен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында және жұмысшы мамандықтар жылына орай салынды. Серіктестік директоры Қайырбек Қожасовтың айтуынша, жаңа мектеп - туған жердің өркендеуіне қосылған шынайы үлес әрі ауыл балаларына жайлы білім алу ортасын сыйлаған игі бастама. Жобаның жалпы құны - 350 миллион теңге.

СНХ: Қайырбек Қожасов, «Бай Еңбек» ЖШС директоры


Салтанатты рәсім барысында облыс басшылығы мектеп ұжымына заманауи интерактивті оқу панелін табыстады. Соңғы он жылда ауылда білім беру мекемесі болмаған еді. Енді мұнда 15 оқушыны 6 мұғалім тәрбиелеп, сапалы білім береді. Жаңа мектеп - ауыл өміріне жаңаша серпін берген игі іс, ауыл болашағына салынған жарқын инвестиция.