Петропавлда сүтті мал шаруашылығын дамыту бойынша семинар-кеңес өтті. Іс-шараға өңірдің және Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қостанай және Алматы облыстарының агроқұрылым өкілдері қатысты.Басты мақсат – сүтті мал шаруашылығын қолға алғалы жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, өзара тәжірибе алмасу. Бұдан бөлек жиын барысында осы салада жетістікке қол жеткізген фермерлер әріптесірмен ақыл-кеңестерімен бөлісті.


 Ең алдымен семинар-кеңес жергілікті агроқұрылым кешендерінің өнімдері қойылған шағын көрмеден басталды. Жалпы, бүгінгі күні өңірде сүтті мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Бұған дәлел өткен жылдың қорытындысы. СҚО бір жыл ішінде 647 тонна сүт өндірді. Осылайша үздіктердің қатарынан көрінді. Қазіргі таңда өңірде бұл салада 100 кәсіпкер сәтті жұмыс істеп келеді. Бұл қатарда 36 заманауи сүт-тауарлы ферма да бар. Соңғы 5 жылда СҚ-да 16,5 мың басқа шақталған 30 ферма іске қосылды. Осылайша 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жобаларды іске асыру үшін 40 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды


МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Солтүстік Қазақстан облысын кешенді дамыту жоспарының аясында агроқұрылымдық кешенді дамыту үшін ел қазынасынан 2021-2022ші жылдары 35 млрд теңге бөлінді. Осылайша біз 13,2 мың мал басы бар 21 сүт-тауарлы ферманы қаржыландырып, өңірде шығарылатын ақтың мөлшерін тағы 66 мың тоннаға көбейттік.


Жойылуға шақ тұрған ауылдарды дамытып, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп өзге фермерлерге үлгі болып отырған кәсіпкерлер де баршылық. Солардың бірі, Айыртау ауданы Прекрасное ауылында 2021-ші жылы ашылған «Әдемі Астық» ЖШСнің 600 басқа шақталған сүт-тауарлы кешені.


МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Облыста іске қосылып жатқан әр ферма өңірдің саяси-экономикалық дамуына оң серпіліс беретінін атап өткім келеді. Мәселен, бастапқыда Прекрасное ауылында 1 ғана үй болса қазіргі таңда елді-мекен гүлденіп, жаңа баспаналар салынып, осы жақта тұрамын, жұмыс істеймін деген азаматтардың қатары артып келеді.Сол себепті, осындай жобалардың арқасында біз ауылды жерлердің де дамуына үлес қосып келеміз.


Бұдан бөлек, 2022-ші жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Возвышенка ауылында 1800 басқа шақталған мега ферма іске қосылды. Бұл ел бойынша ең үлкен кешендердің бірден-бірі. Тағы бір ірі кешен Уалиханов ауданында салынып жатыр. «Жолдасбай Агро» ФҚ-ы 1200 басқа шақталған ферманың құрылысын биыл аяқтамақ. Жалпы, осы жылыдң аяғына дейін 9 сүт-тауарлы ферма іске қосылады деп жоспарлануда. Тағы 6-ның құрылысы қолға алынбақ.



Майгүл Сейілбек