Жүз естігенше бір көрген артық. Өңірге келген еліміздің агробизнес өкілдері Қызылжар және Аққайың ауданындағы сүт фермаларын да аралады. Жергілікті кәсіпкерлер жетістікке жету жолдарымен бөлісті, жобаны іске асыру барысында туындаған қиындықтар, оларды шешу жолдары туралы айтты. Тілшіміздің бейнематериалы.


 Делегация барған алғашқы нысан - Қызылжар ауданындағы "Қызылжар-сүт" сүт-тауар фермасы болды. Ол 2019 жылы пайдалануға берілді, 720 басқа арналған. Қазір мұндағы бір сиыр тәулігіне шамамен 27 литр сүт береді. Бұл жақсы көрсеткіш. Көптеген кәсіпкерлер ірі қара малдың симментал тұқымына басымдық береді, өйткені малдың бұл түрі біздің ауа райына бейімделген, әрі жем-азықты талғамайды. Сиырлар негізінен Австриядан, Чехиядан және Германиядан әкелінеді. Фермерлердің айтуынша, мал шаруашылығымен мемлекеттің қолдауынсыз айналысу мүмкін емес. Қаражаттың басым бөлігін Агро несие корпорациясы арқылы несиеге алуға тура келген, өйткені мұндай үлкен жобаны жүзеге асыру үшін 4 миллиард теңгеден астам қаражат қажет, ал ол тек 10 жыл ішінде ғана өзін-өзі ақтамақ.


ОЛЖАС БЕКТАСОВ, "ҚЫЗЫЛЖАР-СҮТ" ЖШС ДИРЕКТОРЫ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ:

- Барлық мал өсірушілер және өсімдік шаруашылығымен айналысатын диқандар субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау өте қажет дейді. Яғни, субсидиясыз біз тіпті жобаны да өтейтін мүмкіндігіміз болмас еді. Қолдаусыз бірде-бір адам бұл бизнеске келмейді. Егер біз инвестициялық субсидиялар туралы айтатын болсақ, бұл өзіндік құнның 25%, сиыр үшін біз 400 мың теңге алсақ, сүтке субсидия 21 мен 31 теңге аралығында.


Геннадий Зенченко Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқылардың бірі болып сүт фермаларын қалпына келтіріп, мал шаруашылығын дамытуды қолға алды. Қазір отбасылық істі ұлы Геннадий Геннадьевич Зенченко жалғастыруда. Қонақтар Зенченколардың фермасында да болды. Бизнесті нөлден бастаған кәсіпкерлер бүгінде үлкен нәтижеге қол жеткізілді. Жалпы, кешен 1000 сауын сиырға арналған. Мұнда бір сиырдан күніне 30 литр сүт сауылады. Бұл бүкіл ел бойынша ең жақсы көрсеткіштердің бірі. Геннадий Зенченко өз жетістігінің құпиясымен бөлісті.


ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, "ИВАН ЗЕНЧЕНКО" ЖШС ДИРЕКТОРЫ, АҚҚАЙЫҢ АУДАНЫ:

- Малды күтіп ұстаудан бөлек, жақсы техника болуы тиіс. Бірақ ең бастысы — жем-шөбінің құнарлы болуы. Бүгінгі таңда жемазықтың бірнеше түрін дайындап, береміз. Бұл жоңышқа пішені мен жоңышқа сүрлемі және құрама жем. Біз арпадан гөрі жүгеріге басымдық бердік. Біз оны құрама жемде қолданамыз. Бас зоотехник малдың денсаулығына зиян әкелмейтін рационды жасауы керек. Сондай-ақ әрқашан болашаққа сенуге кеңес берер едім. Мал фермалары ауылдың негізі екенін біз түсінуіміз керек.


Делегация барған соңғы нысан Аққайың ауданындағы "Дайындық-агро" ЖШС фермасы болды. Қонақтар тек бизнесті ғана емес, жалпы ауылды дамытудың жарқын көрінісінің куәсі болды. Жұмысшыларға тұруға және жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау - елді мекенді сақтап қалудың кепілі.


АЛЕКСАНДР ПАВЛОВСКИЙ, "ПАВЛОВСКИЙ" ЖШС БАСШЫСЫ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ:

- Өңірдегі мал шаруашылығының, соның ішінде сүтті бағыттың қазіргі дамуына таң қалып отырмын. Кәсіпкерлердің ауыл үшін істеп жатқан ісі де қуанарлық және үлгі аларлық жайт. Ауылда адамдар үшін жұмыс бар, әлеуметтік жағдай жасалған. Бұл тәжірибені өзіме енгізгім келеді. Мен етті мал шаруашылығымен айналысамын. Тәжірибе бар, ЖШС сатып алдым, қазір онда 150 сауын сиыр бар. Бірақ мал қорасы ескі. Оны бұзып, жаңасын салмақ болып едім, өңір жетекшілерінен қолдау көрмедім. Бірақ, Құмар Ақсақаловтың әкім болып келуімен жағдай өзгеріп жатыр.


Соңғы 5 жылда тек біздің облыста 30 сүт кешені пайдалануға берілді. Бұл елдегі жалпы сүт фермаларының үштен бірі. Бүгінде мал саны 16,5 мың сиырға жеткен. Мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Осыдан 5 жыл бұрын өңірде заманауи сүт-тауар фермаларын салу бойынша пилоттық жоба іске асырыла бастады. Бұл сүт өндірісі көшбасшыларының қатарына кіруге мүмкіндік берді. Бүгінде біздің аймақ сүт өндіруден республикада екінші орында.


БЕРІК НЫҒМАШЕВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СҮТ ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бұл турдың мақсаты – сүт фермаларын ашқысы келетіндерге жұмысты көрсету, өйткені бағдарлама жалғасады. Қазір 5 өңірде мемлекет жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесімен қаражат бөлуде. Бұл облыстарда тиісті жұмыстар жүргізіліп, мүдделі тұлғалар анықталды. Бұл Жамбыл облысының, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстарының фермерлері. Бүгінгі таңда біз бұл жұмыстан үлкен нәтиже көріп отырмыз, мұндай турды бір айдан кейін қайталамақ ниеттеміз. Өйткені аймақтардан қатысқысы келіп, тілек білдіргендер өте көп.


Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары аясында 2021 және 22 жылдары агроөнеркәсіптік секторды дамытуға республикалық бюджеттен 35 млрд теңге бөлінді. Болашақта агробизнесті қолдау жалғасады.