Кадр тапшылығы, қоңдырғыларды жаңарту, ауруханаларда жөндеу жұмыстарын жүргізу. Денсаулық сақтау саласындағы осы және басқа да өзекті мәселелер өңір жетекшісінің орынбасары Дәурен Жандарбектің төрағалығымен өткен денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында талқыланды. Жалпы бүгінгі күні өңірдің мемлекеттік 29 емдеу мекемесіне 236 маман қажет. Бұл проблеманы шешу үшін СҚ-да бірқатар жұмыс қолға алынды. Әріптесім Майгүл Сейілбектің бейнематериалында.


Бүгінгі күні облыстың 29 емдеу мекемесінде 5699 маман еңбек етуде. Соның 1248-і ғана дәрігер. Қалғаны орташа медицина қызметкері.Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін 236 дәрігер тапшы. Соңғы бірнеше жылда бұл өткір проблеманы шешу үшін бірқатар шаралар қолға алынуда. Нәтижесінде былтыр облысқа 280 дәрігер келді. Оның 74-і жас маман. Мұнымен қоса жергілікті бюджет есебінен 60 маманды оқытуға қаржы бөлінді. Осылайша 46 резидентпен келісім-шарт жасалды.


ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

-  Жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында ауылды жерлерде еңбек ететін дәрігерлерге 2,5 млн, қалаға келетіндерге 1,5 млн теңге түрінде көтерме жәрдемақы төленеді.Осылайша өткен жылы 232 млн теңге көлемінде 126 маманға көмек көрсетілді.Биылдан бастап төленетін қаржы көлемі ұлғайтылды. Яғни елді-мекендерге баратын қызметкерлерге 3,5 млн және облыс орталығында 2,5 млн теңге төленеді. Облысқа еңбек етуге келетін дәрігерлерге қолдау көрсету бойынша жұмыстар жалғасатын болады.


 2022-ші жылы облыстың ауруханаларының материалдық базасын жаңартуға 3,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға КТ, МРТ, эндоскопия және рентген аппараттары сынды 225 заманауи қондырғы және 267,7 млнға 15 санитарлық автокөлік сатып алынды.Биылғы жылға өңірге жаңа қоңдырғы сатып алуға 5 млрд теңге бөлінді.


ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Жас өркен және Береке шағын аудандарында 250 орынға шақталған емханалардың құрылысы жалғасуда. Бұл нысандар биыл тапсырылады. Дәл осындай медициналық мекеме Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында да салынбақ. Сонымен қатар ұлттық жоба аясында облыс аумағында 46 дәрігер амбулаториясы мен фельдшерлік акушерлік пункттердің құрылысын қолға алу жоспарланған. Биыл 1,2 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 17 жоба іске асырылмақ.


 Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында іске асырылатын ауқымды жұмысты әр емдеу мекемесінің басшысы өз бақылауына алуы тиіс екенін атап өтті.



Майгүл Сейілбек