Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғалым, публицист, көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай «Халықтың асыл перзенті» атты портрет кеші өтті. Аталған іс-шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, шығармашыл жастар мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының оқытушылары мен студенттері шақырылды.


 Ғалым, публицист, көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов 1898 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Оның арқасында елімізде 1933-1937 жылдары 4 мың типтік мектеп, көптеген балабақша, қуыршақ театрлары салынған. Бүгінде Алматыдағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы Темірбек Жүргеновтің атында. Аталған білім ордасының оқытушысы Баян Қажынәбиеваның айтуынша, Темірбек Қараұлы қазақ елінің дамуына елеулі үлес қосқан азамат.


БАЯН ҚАЖЫНАБИЕВА, Т.ЖҮРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

- «Сол кездегі біздің зиялы қауымдарымыз солардың ішінде Темірбек Жүргеновтың жасаған батыл іс-әрекеттерінің арқасында қазіргі таңда біздің мәдениетіміз өсіп, өркендеп жатыр. Сол адамдардың еңбектерінің арқасында біз қазір ұрпақтарды өнерге тәрбиелеп жатырмыз.»


 «Халықтың асыл перзенті» атты портрет кешіне Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің студенттері де қатысты. Солардың қатарында 3-ші курста білім алып жүрген Бекзат Нақыпбек те бар. Студент Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында білім алуды армандайды.


БЕКЗАТ НАҚЫПБЕК, СТУДЕНТ:

- Бүгінгі іс-шара маған қатты ұнап жатыр. Бұл жақта жақсы қалыптасқан тұлғалар келді, актерлар, актрисалар, өнер адамдары сол үшін маған өте қызық болды.


Жиынға келушілерге Т.Жүргеновтің еңбектері қойылған кітап көрмесі де ұсынылды. Жалпы биыл елімізде Темірбек Қараұлының 125 жылдығына орай көптеген іс-шара ұйымдастырылмақ.