Барлық мемлекеттік қызметкерлер сияқты өңір полицейлерінің де сыбайлас жемқорлыққа қарсы беріктігі тексерілмек. Сол үшін қазір ішкі істер органдарында «Integrity Check» (интегрити чек) деп аталатын жаңа жоба енгізілмек. Жалпы былтыр еліміз бойынша 27 мыңнан астам адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің колл орталығына хабарласып, заң бұзушылықтар туралы айтқан.


Тәртіп сақшыларының қатарындағы сыбайлас жемқорлықты жою — қазіргі полицияның негізгі міндеттерінің бірі. Бұл тақырып облыстық полиция департаментінде өткен әлеуметтік-құқықтық дайындық аясындағы сабақта қаралды. Дәрісті залға жиналған және бейнеселекторлық режимде 500-ге тарта қызметкер тыңдады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкері Светлана Зайцева полицейлерді облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барысы туралы хабардар етті.


- Біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте 14-24 нөмірінде кол орталық бар. Мұнда айналасындағы заң бұзушылықтарға бей-жай қарамайтын азаматтар хабарласа алады. Республикалық 14-24 бірыңғай кол-орталығына еліміз бойынша өткен 2022 жылы 27 мыңнан астам адам хабарласқан.


 Сондай-ақ кездесу барысында заңнамадағы өзгерістер туралы айтылды. Оның ішінде ішкі істер органдарында енгізілгелі жатқан «Integrity Check» (интегрити чек) деп аталатын жоба арқылы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы беріктігін тексеру де бар. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселелер туындаған жағдайда мемлекеттік қызметкерлер бірден өз басшылығын хабардар етуі тиіс.


- Егер жемқорлық фактілері туралы хабарласаңыз, ал адалдыққа тексеру сіздің мемлекеттік органда өтіп жатса – сіз бұл тексеруден өткеніңіз. Ал егер, сіз өзіңізге біреу келіп алғыс айтқанын күтіп отырсаңыз, онда бұл – сіздің тексеруден өтпегеніңізді білдіреді. 


Мұндай тексеру теріс нәтижесе берген жағдайда қызметкер дереу жұмыстан шығарылады. Сонымен бірге тыңдаушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы бейнероликтер көрсетілді. Мұндай сабақтар барысында қызметкерлер заңнамадағы жаңашылдықтарды, құқықтық сауаттылықтарын арттырады. Бұл жеке құраммен тұрақты жүргізілетін тәрбие жұмысының маңызды бөлігі.