Ғабит Мүсірепов ауданында орналасқан Ковыльное елді мекені үлгілі ауылдар санатында. Мұнда тұрғындар 10 жылдан бері спирттік ішімдік тұтынбайды, нәтижесінде қылмыс та жасалмайтын болған. Осы ауылдағы құқықтық тәртіп туралы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі әзірлеген бейнематериалға назар аударайық.


 Ковыльное – Тахтаброд ауылдық округіндегі 5 ауылдың бірі. Учаскелік инспектор Дәулет Молдахметовтың айтуынша, соңғы жылдары ауыл тұрғындары бірде-бір қылмыс жасамаған. Олардың арасында полицияда есепте тұрғандар да жоқ.


- Мұнда қауіпсіз. Ішімдік атымен жоқ. Түндеріміз тыныш. Балаларды алаңдамай ойнауға жібереміз. Басқа ауылда тұрып, заттарымызды есік алдында қалдыра алмайтынбыз. Мұнда көшіп келгенде алғашқы уақытта қорқып, сыртқа шығармайтынбыз. Қазір ойымыз өзгерді. Өте жақсы бастама деп есептеймін.


 Жергілікті «Ақселеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің белсенді қолдауы ауылдағы құқықтық тәртіптің сақталуына ықпал етеді. Ауылдағы көшелер жарықтандырылған және бейнекамералардың бақылауында. Ішімдіктен бас тарту шараларын ЖШС директоры Серік Малаев 10 жыл бұрын бастаған. Ол барлық мерекелік іс-шараларды алкогольсіз ұйымдастыруды қолға алыпты.


Бидайық Қаскенова, жеке кәсіпкер:

- Арақ-шарап сатпаймыз. Ауылдықтар алмайды, сұрамайды да. Бүкіл той-томалақ, жиындар ішімдіксіз өтеді.


 Полиция қызметкерлерінің жұмысын да жоққа шығаруға болмайды. Интернеттегі алаяқтықтың және басқа да заң бұзушылықтардың алдын алу, мектеп оқушыларымен кездесу, абаттандыру ережелерін сақтау, еркін жайылым — көптеген мәселелер учаскелік инспектордың бақылауында.


Дәулет Молдахметов, ТАХТАБРОД АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ:

- Көп қылмыс ішімдік ішкеннен жасалады. Ал, осы ауылда өткен жылдары бірде бір қылмыс тіркелген жоқ. 


 ЖШС қолдауы әлеуметтік салада да байқалады. Кәсіпорын есебінен мектеп балалар тегін тамақтанады, жолдарды жөндейді, спорттың дамуына ықпал етеді.


 Аслан Құзғамбаев,ТАХТАБРОД АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

- Мұнда жастарға да жақсы жағдай жасалған, еркін күрестен жаттығулар бар, өздеріңіз көріп тұрғандай, қысқы спорт түрлері, сондай-ақ шаңғы, волейбол дамуда. Бізде, Ақселеудің басшылығы Серік Тәттібайұлымен бірге, ауыл ішілік жол жөндеу жобасы бар, 3 көшені қалпына келтіру биылғы жылға жоспарланған.


 «Ақселеу» ЖШС директоры Серік Малаев ауылды дамытуға айрықша көңіл бөледі. Оның сөзіне қарағанда, алкогольден бас тартқаннан бері кәсіпорында тәртіп орнаған.


Серік Малаев, «АҚСЕЛЕУ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

- Той-думанның барлығы арақ-шарапсыз өтеді. Біздегі мынау ауыл шаруашылық күні болсын, жаңа жыл болсын, 8 март болсын, Наурыз майрамы, басқа да сондай той-думандар барлығы арақ-шарапсыз өтеді. Өйткені, барлығы оған енді қарсы емес, барлығы қолдайды. Сол, үлкендер, ақсақалдар ауылдың жиналып, сондай шешімге келгенбіз.


 Бүгінде Ковыльное ауылында 405 адам тұрады. Оның 120-сы жергілікті серіктестікте еңбек етеді.