Жатыр мойны обыры әлемдегі ең көп таралған қатерлі ісіктер арасында жетінші, ал әйел адамдарда жиі кездесетін онкологиялық аурулардың төрттігіне кіреді. Негізінен бұл дертке адам ағзасындағы папиллома вирусы себепкер. Қазақстанда аурудың жыл сайын 1700-ден астам жаңа жағдай тіркеледі.


Аталған дерттің пайда болуына папиллома вирусынан бөлек, темекі шегу, иммундық жүйенің әлсіреуі, тұқымқуалаушылық сынды факторлар әсер етеді. Көпсалалы облыстық аурухананың онкологиялық орталығында 28 қаңтар күні сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін жатыр мойны обырының алдын алу бойынша ашық есік күнін өткізу жоспарланған. Әйелдер жоғары дәрежелі онкогинекологтарға тегін тексеріліп, көкейде жүрген сауалдарын қоя алады. Мамандар мұндай тексеруден жылына кемінде бір рет өтіп тұру керек екендігін еске салады.


ОЛЬГА КРАСНОПЕВЦЕВА, КӨПСАЛАЛЫ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОНКОГИНЕКОЛОГЫ:

- Мені онкогинеколог ретінде жатыр мойны обырының айтарлықтай «жасарғаны» алаңдатады. Қазір бұл дертпен 25-28 жастағы әйелдер де жиі ауыратын болған. Бізде осы аурудың алдын алу мақсатында ашық есік күні жиі өткізіліп тұрады. Шара осы сенбі де өтеді. Тексерістен өту тегін. Өзіңізбен жеке куәлігіңізді, егер осыған дейін тексерістен өткен болсаңыз құжаттарыңызды ала келгеніңіз жөн. Ашық есік күні 28 қаңтар таңғы сағат 9:00-ден басталады, бұл күні жоғары дәрежелі екі гинеколог онколог қабылдайды.