2022 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заңы қабылданды. Енді 60 күннен соң аталмыш заң күшіне енеді. Яғни, қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айынан бастап банкроттыққа арыз бере алады. Әріптесім Ж.Қайыпова баяндайды.
Банкроттық туралы заң рәсімдердің 3 түрін қарастырады. Олар: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы берешектер бойынша қолдануға болады. Аталмыш рәсімге ел азаматтары «электронды үкімет» веб-порталы арқылы өтінім бере алады.
БАУЫРЖАН ШАЙКЕНОВ, СҚО БОЙЫНША МКД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫБАСАРЫ:
- Соттан тыс банкроттықты азаматтар келесі жағдайларда қолдана алады:банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борыш 5,5 млн. теңгеден аспайды; банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлар алдындағы міндеттемелер бойынша өтініш берілген күні қатарынан 12 ай ішінде өтеу жоқ;тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ; мерзімі өткен берешекті банкпен реттеу жүргізілді; банкроттық 7 жыл бойы қолданылмады.
Екінші рәсім – сот банкроттығы. 5,5 миллион теңгеден астам қарызы бар борышкерлер сот банкроттығы рәсімін қолдануға құқылы. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды.
БАУЫРЖАН ШАЙКЕНОВ,СҚО БОЙЫНША МКД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫБАСАРЫ:
- Азамат банкрот деп жарияланғаннан кейінгі салдары:5 жыл ішінде берешектер мен кредиттер алуға тыйым салу (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа);қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады;банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады.
Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін 5 жылға дейін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады. Банкроттық туралы заң қабылданғаннан соң 60 күн ішінде күшіне енеді. Яғни азаматтар наурыз айынан бастап өтінім бере алады.