Отан отбасынан басталады. Дәл осындай атаумен Петропавлдағы оқушылар сарайында рухани кеш өтті. Отбасы құндылықтары мен ұлттық руханиятымызды насихаттау мақсатында өткізілген іс-шараны белгілі абайтанушы, жазушы, ғалым Омар Жәлел жүргізді.


Омар Жәлел филология ғылымдарының кандидаты, ұстаз, абайтанушы, жазушы, қазақ руханиятының зерттеушісі. Көпшілік алдында сөз сөйлеп, отбасы құндылықтарын, ұлттық рухты насихаттаған жандардың бірі. Петропавлда өткен бұл кездесуді республикалық «Сеніммен Болашақ» бірлестігінің облыстық филлиалы ұйымдастырды. Кешке әртүрлі жастағы 200-ге жуық адам жиналды.


ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ , «СЕНІМЕН БОЛАШАҚ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АТА-АНАЛАР ҚБ СҚОФ БАСШЫСЫ:

- «Омар Жәлел ағамыздың қозғайтын тақырыптар сан қырлы. Ол кісі Абайтанушы. Абай шығармаларын ұғыну арқылы адам жаны кемелденеді. Мысалы Абайдың кей шығармаларында біз түсіне бермейтін үлкен мән мағына бар. Ол кісі соның мағынасын ашып, халыққа түсіндіреді.»


Әңгіме барысында Абай шығармаларындағы ғылымның маңызы, отбасы құндылықтары сөз етілді. Жүргізушінің сөзініше қазақ Абайды тану арқылы өзін таниды. Себебі Абай шығармалары барлық рухани бағытты қамтиды.


 ОМАР ЖӘЛЕЛ , АБАЙТАНУШЫ:

- «Абайдың негізгі тақырыптары бала тәрбиесі, қыз тәрбиесі болған. Баланы не үшін оқыту керек? Ғылымның пайдасы, негізгі өмірдегі құндылықтар қандай? Деген сұрақтарға Абай жауап береді. Оның өзегінде Абай ілімі жатады.Негізгі бұл жерде біз үш сұраққа жауап береміз. Шәкәрімнің классикалық 3 сұрағы бар ғой . Келдім қайдан? Қайтсем пайдам? Өлген соң не болам? Бұл жан тану мәселесі. Өзімізді алдымен тану керекпіз.»


Алдағы уақытта дәл осындай кешті Шал ақын және Есіл ауданында өткізу жоспарланған.



Әміре Ақбатай