22 желтоқсан архившілер күні. Бұл кәсіби мереке елімізде 2020 жылы бекітілген еді. Осыған орай бүгін облыстың архив ісі мамандары марапатталды. Қос зейнеткер архив саласының үздігі төсбелгісін иеленді. Тілшіміз дайындаған бейнематериалға назар аударайық.
Тарих парақтарын көзінің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ететін мамандар бүгін кәсіби мерекені атап өтті. Салтанатты іс-шара барысында өз ісінің майталманы – 20-ға жуық маман марапатталды. Жалпы облыстағы мемлекеттік архивте 200 ден аса қызметкер бар. Оның ішінде 89 ы тікелей архивпен жұмыс істейді. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірісов мұрағатта құнды қағаздарды сақтап, зерттеумен айналысатын архившілердің жұмысын жоғары бағалады.
ДОСБОЛ ӘБДІРІСОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Биыл бұл мереке өңірімізде екінші рет атап өтілуде. Мұрағатта құнды қағаздарды сақтап, оларды іріктеу, зерттеумен айналысу үлкен еңбек. Сіздер тек осы бағытта ғана емес, ұлы ұлт пен өскелең ұрпақты тәрбиелеуде үлкен еңбек сіңіріп жатырсыздар.
Сала мамандары ҚР Мәдениет және спорт министлігінің, Облыс әкімі – Айдарбек Сапаровтың және СҚ Мемлекеттік архивінің директоры – Сәуле Мәлікованың алғыс хаттарымен марапатталды. Іс шарада осы сала зейнеткерлері Галина Мигович пен Людмила Үмбетоваға «архив саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.
ГАЛИНА МИГОВИЧ, АРХИВ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ:
- Мен облыстық архивке 1979 – жылы келдім. Сол кездері біздің қаруымыз – қара қалам еді. Ал қазір бұл саланы дамыған технологияларсыз елестету мүмкін емес. Мен салаға 35 жылымды арнадым. Сондықтан архивте еңбек етіп жатқан мамандардың жұмысы аса маңызды екендігін жақсы білемін. Не дегенмен мұрағатта толық тарихымыз берілген. Барша әріптестерімді осы төл мерекелерімен құттықтаймын.
Марапатталған мамандар қатарында Ақжар ауданының архив бөлімінде қызмет ететін – Жандос Мәдиқажы да бар. Оның осы салада еңбек етіп жүргеніне 8 ай болған. Бұрын мектепте еңбек еткен ол, архив ісіне мені үлкен қызығушылық пен ізденіс алып келді дейді.
ЖАНДОС МӘДИҚАЖЫ, АРХИВШІ:
- Жасайтын жұмыстарым – негізі мынау араб тілінен, латын графикасынан қазақшаға аударма жасаймын. Бұл тарихи нәрселер ғой. Бір-екі құжатты көтеріп көрдік. Содан болып жаңағы көне құжаттар екен. Сол он бесінші және отызыншы жылғы. Араб және латын графикасымен жазылған. Сол арқылы архивке қалай келіп қалғанымызды білмей қалдық.
Облыстық мемлекеттік архивте құжаттарды цифрландыру жұмыстары 2013 жылдан бері атқарылып келеді. Қазір онда үздіксіз жұмыс істейтін түрлі сканерлеу құрылғылары бар.
АЙНҰР ДОСАН