30 солтүстікқазақстандық педагог байқауда бақ сынады. Петропавлда «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» атты жас мұғалімдерге арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті. Оқытушылардың шығармашылық әлеуетін дамытып, білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған іс-шарада арна тілшілері де болып қайтты.


 Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да бәрі- ұстаздан тәлім алған. Сондықтан мұғалімнің еңбегі өлшеусіз. Заман ағымына сай, бүгіндері мұғалімдерге деген талап та артқан.


НҰРЛАН САДЫҚОВ, БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫС ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ:

- А.Байтұрсыновтың заманында басқа ұстаздар болды. Одан әрі Әл Фарабидің замамында басқа ұстаздар керек болды. Ал қазіргі күннің ұстаздары мүлдем басқа. Ол инновацияны меңгерген. Жаңа құндылқтардың заманында өмір сүріп жатқан ұстаздар. Қайнаған ақпараттың ішінен керегін ала білу, оны талдай жасай алу, ең маңыздысы осы ақпаратты балаларға жеткізе білу.


Шыныменде, ақпараттық технологиялар дәурені жүріп тұрған шақта, қоғамға жан-жақты дамыған педагог қажет. Ал аталмыш байқау сол жас мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін арттырып, білім беру жүйесін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жалпы осыған дейін өткізілген олимпиаданың аудандық және қалалық кезеңдеріне 80-нен астам оқытушы қатысқан болатын. Жеңімпаз атанған 30-ы бүгін өз араларында мықтыны анықтамақ.


МАДИЯР ТӨЛЕШЕВ, ПЕТРОВКА ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ, ТАЙЫНША АУДАНЫ:

- Сабақты қалай өткізу керек. Қандай жаңа әдіс-тәсілдер бар. Қандай тиімді әдіс-тәсілдер бар. Мен бастауыш сыныпқа сабақ беремін. Соларды ойын арқылы оқытуды көрсетемін.


Облыстық кезеңде үздік атанған 3 жас педагог қаңтар айында өтетін конкурстың республикалық кезеңінде өңір намысын қорғамақ.