Соңғы 5 жылда тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 3 есе өсті. Бүгінгі күні облыс бойынша құрылыс 60-тан астам алаңда жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік маңызы бар нысандар мен қатар 27 бюджеттік және 34 коммерциялық үй бой көтеріп келеді. Мұнымен қоса, «Солнечный» және «Южный» аудандарынан кезекте тұрған жерлестеріміз жер учаскілерін алып, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізе алады. Құрылыс саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы ауқамды жобалар туралы өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен инвест жобаларға тур барысында сөз қозғалды.


2017 жылдан бастап құрылыс жұмыстарының көлемі 65 млрд теңгеден 108 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Осы уақыт аралығында облыста 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 40 мыңнан аса жерлесіміз қоныс тойын тойлады. Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес 2026 жылға дейін 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынады.


ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Соңғы 5 жылда тұрғын үй құрылысына инвестиция көлемі 2,7 есеге өсіп 18 млрд теңгеден 48 млрд теңгеге дейін өсіп отыр. Жұмысшылардың саны 39 процентке өсті. 2017ші жылдың қорытындысы бойынша құрылыс саласында 7 мың989 адам жұмыс істесе 21-ші жылдың қорытындысы бойынша 11мың 132 адам жұмыс істеп жатыр.


Бүгінгі күні Петропавлда 61 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 27-і бюджеттік, 34-і коммерциялық. Жылдың аяғына дейін 401 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. 5 жыл ішінде Петропавлда «Жас Өркен», «Береке», «Орталық» сынды жаңа аудандар пайда болды. Бүгінгі таңда «Қапай» шағын ауданын салу бойынша жоба қолға алынды.


СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  «Жас Өркен» ауданында 816 ескі үй сырылып 25 көпқабатты тұрғын үй тұрғызылды. «Орталық» жақта 120 ескі үйдің орнына 528 пәтерлі 6 үй бой көтерді. «Береке» шағын ауданында да 15 үй салынса, жақын уақытта 600 пәтерлі 6 арендалық үйді тапсырамыз. Мұндай жұмыстар «Қапай» ауданында іске асырылмақ. Мұнда 27 үй бой көтермек. Осылайша 9800 жерелсіміздің баспана мәселесі шешілмек.


Жақын уақытта «YDA» түрік компаниясы бизнес алаңдары, жерасты паркингі бар 18 қабатты 9 үйден тұратын заманауи тұрғын үй кешенінің құрылысын бастайды. Мұнымен қоса, 2023-ші жылы Қизатов көшесінің бойында 15 және 21 қабатты каскадты үйлердің құрылысы қолға алынбақ. Осы жылдың тамыз айында Петропавлда инвесторлар мен құрылыс компанияларының қатысуымен инвест форум өтті. Нәтижесінде 10 компания облыс орталығында құрылыс жұмыстарын бастауға ниет білдіріп отыр.


СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Әлеуметтік маңызы бар нысандар да назардан тыс қалмайды. Соңғы 5 жылда спорт, мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау салаларында 25 жаңа нысан бой көтерді. Қазіргі таңда «Жас Өркен», «Береке» аудандарында 250 орынға шақталған емханалардың құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандар 2023-ші жылдың 2-ші тоқсанында тапсырылмақ.


2023-ші жылы дәл осындай емхана Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлде де бой көтермек. Сонымен қатар, мемлекеттік жекеменшік әріптестік тетігін іске асыру аясында республикалық бюджет есебінен көпбейінді ауруханының құрылысы жалғаспақ. Сәулет ескерткіштерін сақтау мақсатында «Киров» зауытының аумағында 1855 жылы салынған көне мешіт қайта жаңартылып жатыр. Жұмыс толығымен аяқталған соң ғимарат Ислам мәдениеті мұражайы болып есігін ашады. «Қалыңдық үйі» мемлекеттік меншікке қайтарылды. Оны да ретке келтіру бойынша шаралар жоспарланған.


ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Көпес Шамсутдиновтың сауда үйі қаңырап бос тұрғаны туралы қала тұрғындары өз ойларын әлеуметтік желіде жазып қалдырды. Біз мұны ескеріп, ол жерді қайта қалпына келтіру бойынша жұмыстарды қолға алдық. Мұнымен қоса соңғы бірнеше күннен бері Көпес Измайловтың үйінің қасбеті бұзылып жатқаны қызу талқыланып жатыр. Бұл ғимарат жеке меншікте болғанына қарамастан мұндай әрекетке біз қарсымыз. Оның тарихи қалпын сақтауға тырысамыз. Осы ретте кәсіпкерлерге ескерту жасағым келеді. Қолдарыңнан келмей жатса мемлекет меншігіне тапсырындар. Полиция департаменті тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуі тиіс.


Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленді. Оның аясында 2023 жылы Қапай шағын ауданында 1200, Жас Өркенде 900, Орман және Береке аудандарында 600 оырнға шақталған 4 мектептің құрылысы басталмақ. Онда 6 мыңнан астам бала білім ала алады.



Майгүл Сейілбек