Тұтынушылардың құқығын қорғау, тауарды экспорттау кезінде вагондардың жетіспеушілігі және темір жолдағы кедергілер. Осындай базыналарын солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер өңірге келген ҚР сауда және интеграция вице-министрі Арман Шаққалиевке жеткізді. Жиында болып қайтқан тілшіміз Мағжан Ахмадина тарқатады.

Соңғы КЕЗДЕ өңірде өнімін шетелге шығаратын кәсіпорындар саны артқан. Мемлекет те осындай экспортқа бағытталған компанияларды қолдауға құлықты. Бірақ кейде кәсіпкерлерді аяқтан шалатын кедергілер кездеседі. Олардың бірсыпырасын өңірге келген ҚР сауда және интеграция вице-министріне жергілікті бизнесмендер жеткізді.


ҚАНАТ БАЙМҰХАНБЕТОВ, «GREEN GOLD SKO» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

- Компаниямыз күнбағыс дәні мен майын экспорттаумен айналысады. Биыл бізге өнімді экспорттауға 2 айлық уақыт берді. Яғни, қараша мен желтоқсан айында тауарды шетелге шығару керекпіз. Бірақ теміржолдағы қиындықтар оған мүмкіндік бермей отыр. Ал қаңтар айында баж салығы енгізіледі. Жалпы жаңа жылда қандай өзгерістер болады?


АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Біздер ауыл аруашылығы министрлігімен жиын өткізіп, бұл мәселені шешетін боламыз. Кейін сізге жауабын береміз. Бірақ өнімді экспортқа шығармас бұрын ең алдымен ел ішіндегі қажеттілікті қамтамасыз ету жағын қарастырамыз. Осыны кәсіпкерлер де ұмытпаса екен деймін.


Ал нарықта 20 жылдан бері жұмыс істейтін «Дез» компаниясы өнімдерінің 75 пайызын экспорттайды. Негізінен ұн мен бидай Өзбекстан, Ауғанстан мен Тәжікстанға жөнелтіледі екен. Кәсіпкерлер соңғы уақытта жүк тасымалында қиындық туындады деп отыр, яғни вагондар жеткіліксіз. Бағасы да қалтаны қағады.


АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Елімізде жүк тасымалдайтын арнайы, жабық вагондардың жетіспейтіндігін білеміз. Бірақ биыл олардың саны ұлғайды. Және ондай компанияларға біз, ең алдымен шикізатты емес, өңделген өнімді тасымалдау қажет деген міндет қоймақпыз. Ол екіжаққа да тиімді болмақ.


Солтүстікқазақстандық тұтынушылардың құқығын қорғап жүрген Надежда Дубовая кәсіпкерлерді де тезге салатын кез келді дейді. Мораторилерге әбден иек артып алған олар, бүгіндері қарапайым тұрғындардың жанайқайын елемейді. Қауымдастық төрағасы бизнесмендер көрсететін қызметтің және шығаратын тауар сапасын бақылауға алу қажет деген пікірде.


АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Бүгіндері шыныменде, тұтынушылар тарапынан шағым көбейді. Кәсіпкерлер тауарды таңбалауда қателік жібереді. Тағы өнім құрамын дұрыс көрсетпейді. Осындай олқылықтарды тізе беруге болады. Сондықтан біздер жаңа заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Ол қарапайым тұрғындарды қолдауға бағытталмақ.


Құжат қабылданса, тұтынушылар шағымын арқалап бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырмай, бірден сотқа жүгіне алады.