Петропавлдың полиция басқармасында 2011 жылы Тараз қаласында лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа арналған ескерткіш тақта ашылды. Салтанатты іс-шараға облыстық полиция департаменті және қалалық полиция басқармасының басшылығы, ведомство ардагерлері, облыстық және қалалық мемлекеттік органдардың басшылары, жұртшылық өкілдері қатысты.


2011 жылғы 11 қараша. Бұл күні патрульдік полиция батальонының қызметкері Ғазиз Байтасов әдеттегідей жұмысына шықты, ол бұл оның соңғы жұмыс күні болатынын сезген жоқ. 12 қарашада мұздай қаруланған лаңкес Тараз қаласында аса ауыр қылмыс жасап, жеті адамның өмірін қиды. Оның бесеуі – құқық қорғау органдарының қызметкері. Лаңкес қол гранатасын жаруға әрекет еткен кезде Ғазиз Байтасов халықты қауіптен аман алып қалу үшін қылмыскерді жерге құлатып, өз денесімен гранатаны жапты. Ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшысына «Халық Қаһарманы» атағы берілді.


БАҒБАН ТАЙЫМБЕТОВ, СҚО ПРОКУРОРЫ:

- Ғазиз де осы сіздер сияқты көп жігіттің бірі еді. Бірақ сондай мына ел басына дейміз ба қатер төңгенде өзінің ерлігін көрсетті. Біз жаңағы Қабанбай, Бөгенбай, Баян батыр деп айтып жатырмыз ғой осы заманнның Баян батыры осы Ғазиз.


 Өңірдегі ең ірі полиция бөлінісі – Петропавл қалалық Полиция басқармасының ғимаратында оның есімі жазылған ескерткіш тақта ашылды.

Облыстық Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов қазақстандық полицейлер үшін бұл ерліктің маңызын атап өтті.


АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД БАСТЫҒЫ:

- 2011 жылы 12 қарашасы Тараз қаласында 7 адамның өмірін жалмаған қылмыскерді құрықтау кезінде жол полициясы жеке батальенының бірінші взвод командирі Ғазиз Байтасов өз өмірін қиып, бейбіт тұрғындардың өмірін аман алып қалды. Бұл қайғылы оқиға бейбіт өмірдің мәнін ұғындырды. Ғазиз Байтасовтың өмірі мен өнегелі ісі Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді.


Қонақтар, ақсақалдар мен полиция қызметкерлері ерлікпен қаза тапқан батырды бір минут үнсіздікпен еске алып, оның құрметіне ашылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды.