Ел президенттігіне кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Қазір жер-жердегі штаб өкілдері сайлаушылармен жолығып, кандидаттар да ел аралап жүр.

Қ.ТОҚАЕВ ШТАБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ ӨҢІР ЖҰРТЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі штаб мүшелері Алматы облысының сайлаушыларымен жүздесті. Өтеген батыр ауылындағы балалар ауруханасында болды, денсаулық сақтау жүйесін дамыту жайын талқылады.  Әрі өңір орталығы Қонаевта тұрғындармен кездесіп, кандидатың сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сондай-ақ, штаб мүшелері өңірдегі көп балалы аналармен жолығып, әлеуметтік мәселелер жөнінде пікір алмасты.


АЗАТ ПЕРУАШЕВ, Қ.ТОҚАЕВТЫ ҚОЛДАУ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ШТАБТЫҢ МҮШЕСІ&
- Еліміз үшін тағдыр шешуші кезде біз дұрыс таңдау жасай білуіміз керек, дұрыс ел басқаратын адамды сайлауымыз керек. Киелі құндылықтарымызды сақтасақ, ары қарай да біртіндеп өркениеті мықты мемлекетке келетінімізге күмәнім жоқ.

М. ҚАЖЫКЕННІҢ СЕМЕЙГЕ САПАРЫ   

Үгіт насихат науқаны аясында ел президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен Абай облысының кәсіподақ өкілдерімен кездесті. Әуелі кандидаттың  сайлауалды тұғырнамасы жайында пікір алмасу болды. Семейдегі сапар барысында Мейрам Қажыкен медициналық университетке ат басын бұрды. Бұл басқа да аймақтарда филиалдары мен ауруханасы бар елдегі ең ірі жоғары оқу орындарының бірі. Онда Мейрам Зекешұлы резидент дәрігерлер және профессор-оқытушылар мен кездесті.


МЕЙРАМ ҚАЖЫКЕН, ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТ:
 - Жергілікті халқы көп жылдардан бері аңсаған екен... Біз өзіміз өңір болайық, облыс болайық деген. Міне осыған жетіпті. Белсенділіктері бар екен, талаптары бар екен.

Қ. ӘБДЕН ІСКЕР ӘЙЕЛДЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Президенттікке үміткер Қарақат Әбденнің Ақтөбе жұртшылығымен кездесулері басталды. Кандидат аймақ орталығында іскер әйелдермен кездесті. Бизнестегі түйткілдер мен өмір жайлы әңгіме құрды.  Сайлауалды бағдарламасының басымдықтарымен таныстырып, кәсіпкер әйелдердің ой-пікірін тыңдады. Қазір облыста 80 мыңға жуық бизнесмен болса, оның жартысынан астамы әйел.


 ГҮЛЖАЗИРА ЕШНИЯЗ, КӘСІПКЕР:
 - Жұмыс жасаймын деген адамға 100 процент сол жұмысқа берілсе, жақсы көрсе, таза адал жасаса барлық есіктер ашық деп ойлаймын. Әйелдерге де, ер адамдарға да. Көруге келдім сол кісіні, сұхбаттасу үшін келдім. Өте әдемі диалог болды

Ж. ДАЙРАБАЕВ ЕКІБАСТҰЗДА ШАХМАТ ОЙНАДЫ

Президенттікке "Ауыл" партиясы атынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев Павлодар облысына барды. Өңірдегі үгіт-насихат жұмыстарын Екібастұз қаласынан бастады. Қалалық ардагерлер кеңесіне ат басын бұрып, облыс чемпионымен шахмат ойнады. Алғашқы қадам жасау құқығын қарсыласына беріп, ойынды тең есеппен аяқтады. Сонан соң, жергілікті халық базарына бағыт алып, ондағы баға саясатымен танысты. Жұртшылыққа өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.


АНАС БАҚҚОЖАЕВ, "АУЫЛ" ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 - Мінеки ешқандай делдалсыз шаруалар тікелей осы нарыққа келіп тапсырады. Бір шетінен баға халыққа қолжетімді. Екінші жағынан шаруаларға мүмкіндік.

Н. ӘУЕСБАЕВ ШЫМКЕНТТЕГІ ШТАБ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Оппозициялық партия атынан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаевтың Шымкенттегі үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Ол бүгін қалалық штабтың жұмысымен танысты. Саяси науқан алдындағы ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың жоспарын пысықтады. Жергілікті БАҚ өкілдерімен де кездесу өткізді. Ал, ертең Нұрлан Әуесбав Алматы қаласындағы сайлаушылармен кездеседі.


НҰРЛАН ӘУЕСБАЕВ, ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТ:
 - Өзіміздің осындағы сайлауалды жұмыстарымыз туралы және осындағы активтердің басын қосып, белсенділердің басын қосып мен өзімнің атқарып жатқан жұмыстарым туралы және олар өздерінің атқарып жатқан жұмыстары туралы барлық мәселелер жөнінде пікір алмасып, алдағы атқарылатын жұмыстар туралы біршама келісімдерге келдік.

С. ТҰРСЫНБЕКОВА ӨҢІР САЙЛАУШЫЛАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова үгіт-насихат науқанымен Түркістан облысына барды. Кентау трансформатор зауытына соғып, өндіріс ошағының жұмысымен танысты. Өзінің сайлауалды бағдарламасына тоқталып, мамандардың сұрақтарына жауап берді. Кейін , Салтанат Тұрсынбекова  «Шапағат» мотивация орталығына барды. Мұнда тірек қимыл аппараты зақымданған жандар емделеді.


САЛТАНАТ ТҰРСЫНБЕКОВА, ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТ:
 - Өте керемет сұхбат өткіздік осы жерде, пікір алмастық. Мен өзім таң қалып отырғаным осындай жағдайға душар болған жандар соншалықты мінездері қайратты, іштерінен жігерлі, сенімдері мықты өмірге деген. Кейде сау адамның соншалықты құлшынып өмірге деген үмітін, мақсатын байқамайсың.