Облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындарды қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Әкімнің қабылдауына келгендер жеке мәселелерін айтып, өңір басшысына сауалдарын жолдады. Құмар Іргебайұлы әр мәселенің назарда болатынын айтты. 

Әкім ең бірінші болып Азиза Жүнісованы қабылдады. Бүгінде Петропавл тұрғыны мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отыр. Өкінішке қарай, мұндай бүлдіршіндерге оңалту қызметтері әлі күнге дейін тиісті деңгейде көрсетілмейді екен. Сол себепті, белсенді аналар бірлесіп, балаларының қоғамда өз орнын табуы үшін «Senim» арнайы залын ашқан. Соның нәтижесінде балақайлар жақсы жетістікке жете бастаған. Алайда енді бұл істі әрі қарай жалғастыру мүмкін болмай тұр. Бәрі қаржыға барып тіреледі. 

АЗИЗА ЖҮНІСОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
-
«Мамандардың келіп көрсеткен қызметтерінен кейін бізде балаларымызда қазір жақсы нәтижелер болып тұр. Соны жалғастырғымыз келіп тұр әрі қарай. Ем алғымыз келеді. Балаларымызды аяққа тұрғызғымыз келеді. Бірақ, оған қазір біздің қаражатымыз бітті. Бізге көмек қажет болып тұр.»

 Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналардың ұсыныстарын қолдайды. Өңір басшысы алдағы уақытта бұл мәселемен айналысып, шешуге тырысатынын жеткізді. 

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
-
«Бұны дұрыстауға болады. Мен ұсыныстарыңызды қолдаймын. Бүкіл республика бойынша мұндай проблемалардың бар екендігі түсінікті ғой. Сондықтан сіздерге ыңғайлы механизмді пайдалану керек қой. Қаражат бөлінсе, оны өздеріңіз таңдап аларсыздар.»

 Келесі болып облыс әкімінің қабылдауына қала тұрғыны Дарина Айсақова келді. Оның сөзіне қарағанда облыс орталығында аутист балалар назардан тыс қалып отыр. Олар үшін де оңалту қызметтері тиісті деңгейде көрсетілмей келеді. Тіпті, спорттық, шығармашылық үйірмелер жоқ екен. 

 ДАРИНА АЙСАҚОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
-
«Осы үш жылдың ішінде тек жәрдемақы төленіп келеді. Балаға ешқандай жағдай жоқ. Облыстық арухана қайда қарап отыр? Менің балама оңалту қызметтері бір рет те көрсетілген жоқ. Әрдайым сіздің балаңыз үшін ештеңе қарастырылмаған дейді.»  

 Облыс әкімі бұл мәселеден хабардар болып шықты. 

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
-
«Арнайы бағдарлама әзірлеу керек. Мен қаржы бөлуге әзірмін. Тек мұны қалай жүзеге асыру керектігі туралы ойлану керек. Бұл мәселе назардан тыс қалмайды.»

Сонымен қатар, өңір басшысы Уәлиханов ауданының тұрғынын қабылдады. Абдулқасым Тілібеков осыдан бірнеше жыл бұрын «Еңбек» бағдарламасы бойынша Алматы қаласынан қоныс аударған. Қазір мал шаруашылығымен айналысады. 7400 гектар жайылымдық жері бар. Енді ол алдағы уақытта жем-шөп мәселесін шешуді жолға қоймақшы. Үлкен шаруашылық ашып, 120 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Ол өңір басшысына бизнес жоспарды арнайы таныстырып, кәсіпті бастау үшін Құмар Іргейбайұлынан көмек сұрады. 

АБДУЛҚАСЫМ ТІЛІБЕКОВ, УӘЛИХАНОВ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
-
«Мен 1 миллиард сұрамаймын. Бізге 1 миллирд қажет емес. Біз қазір 72 миллион теңге құйдық. 200 миллион теңге тағы қарастырып жатырмыз. Ол болады өз тарапымыздан. Бізге керегі тағы 600-700 миллион теңгенің жобасы. Оның қайтымы екі, екі жарым жыл.»

Аталған сомма аз емес. Ал кәсіпкердің оған қоятын кепіл мүлкі де жоқ. Бірде-бір қаржы ұйымы мұндай қаражатты бере алмайды. Сондықтан бұл жағынан облыс әкімі ешқандай көмек көрсете алмайтынын жеткізді. 

 

Нұрбол Балғабеков