Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ТАПСЫРМА БЕРДІ. 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жасаудың маңыздылығына тоқталды. Қазіргі уақытта өңір тұрғындарының 32% - дан астамы спортпен шұғылданады. Бұл – шамамен 176 мың адам.

Президент  тапсырмасына сай кәсіби спорт мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Ал облыс пен  аудан орталықтарында балалар үшін тегін  спорттық секциялар ашылып, бұқаралық спорт дамуы қажет. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы жағдайында кәсіби спорт клубтарын толығымен мемлекет есебінен ұстаудың мағынасы жоқ. Мемлекет пен квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімді жұмсалмайды. Бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және, әрине, балаларға басымдық беру керек».

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың бастамасымен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында облыста 37 шағын футбол алаңы салынды. Спорт нысандарының құрылысы келесі жылы да жалғасын таппақ.  "Ауыл ел бесігі"мемлекеттік  бағдарламасы аясында Есіл және Жамбыл аудандарында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған.

РИНАТ БЕЛОГОНОВ, СПОРТТЫҚ АКРОБАТИКА БОЙЫНША МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БЖСМ БАСШЫСЫ:

- Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы жолдауында бұқаралық спортқа, оның ішінде жасөспірімдер спортына көп көңіл бөлу керек екенін айтты. Бұл өте қуантарлық жәйт. спорт саласына енді келіп, енді айналысып жатқан жастар үшін үлкен мүмкіндік. Болашақта облысымыздың, еліміздің  атын әлемге әйгілі ететіндер де дәл осы жастар.

Бүгінгі таңда СҚО-да 176 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады. Қызылжар өңірі өзінің  әйгілі спортшыларымен де танымал. Александр Винокуров, Жанат Жақиянов, Алексей Луценко, Нұрқожа Қайпанов,Айдар Қазов сынды  ерлеріміздің есімдері әлемге әйгілі. Айта кету керек, облыста спорт саласын дамытуға жыл сайын қомақты қаржы бөлініп жатыр.